Төтенше жағдай • 15 Ақпан, 2025

Қызыл су ойдағы жұртты ойлантады

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқынына әзірлік барысы Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында сөз болды.

Қызыл су ойдағы жұртты ойлантады

Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдай министрлігі Төтенше жағдай­лардың алдын алу комитеті төраға­сы­ның міндетін атқарушы Әсет Жыл­қайдаров орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылып жатқан су тасқынына дайындық барысын баяндады. Спикер тасқын қаупі еліміздегі 1 223 елді мекенге төнуі мүмкін екенін атап өтті. Қызыл суға қарсы 576 шақырым қорғаныш бөгені мен біліктері тұрғызылды. 822 шақырымдық дренаж жүйесі, тоғандар мен арық арналары тазартылып, бітелген көздері ашылды. Автомобиль, теміржол бойларында 960 суағар салынды.

– 74 өзеннің бойындағы қауіпті учаскелерінің 500 шақырымға жуық  бөлігінің арнасын кеңейтіп, табанын тереңдету, жағалауды мығымдау жұмысы қолға алынды. Тасқын кезінде зардап шеккендерді қабылдауға 3,5 мыңнан аса пункт дайындалды. Су тасқынына жедел қамдануға 37 мыңнан аса адам қамтылып, 13 мыңнан аса техника, 4 096 су айдау, 640 жүзу құралдары бар азаматтық қорғау қызметтері құрыл­ды. Аза­маттық қорғаныстың әскери бөлім­де­рі­нің де дайындығы жоғары,  құтқару авиациясы жедел кезекшілік атқарып отыр, – деді Ә.Жылқайдаров.

Су тас­қынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Мемлекеттік орган­дар, атап айтқанда, Ішкі істер, Қорға­ныс министрліктері, Ұлттық ұлан, «Қаз­гид­ро­мет», «Қазсушар», «Қазавтожол» мамандары жұмылдырылған штаб әр өңірде бар. Сонымен қатар командалық-штабтық машиналар базасында төтенше жағдайлар туындауы мүм­кін аймақтардан нақты ақпарат беру үшін жедел басқару топтары құрылды. Оң­түстік, батыс өңірлердің су тасқыны төнуі мүмкін учаскелерінде бе­кет­тер қо­йылды. Олар тәулік бойы қалып­тасқан жағдай туралы ақпаратты хабарлап отырады.

«Қазгидромет» мамандарының  алдын ала болжауынша, еліміздің 9 өңірінде (Ақтөбе, Абай, Ақмола, ШҚО, БҚО, Қара­ғанды, Ұлытау, СҚО, Қостанай облыстары) көктемде су басу қаупі жоғары. «Апат айтып келмейді», спикер жалпы күштер мен құралдар дайын екенін атап өтті, төтенше жағдайға байланысты қауіпті өңірлерге күштер мен құралдарды жеткізу, халықты эвакуациялау, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөнінде тиісті шешім қабылданатынын мәлім етті.