Өндіріс • 15 Ақпан, 2025

«Qarmet» ішкі нарықты толық қамтиды

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының қала құраушы кәсіпорны «Qarmet» АҚ құрылтайшысы ауысқалы жаңа стратегиялық бағытқа көшті. Металлургия комбинаты енді ішкі нарықты 100% отандық өніммен қамтамасыз етпек. Алып кәсіпорынның құрамына үлкен диаметрлі құбыр шы­ғаратын зауыт кіреді. Сонымен бірге комбинат болат, темір рудасын өндіреді. Қарағанды өңіріндегі бірнеше көмір кеніш­і де осы өндіріс орнына қарайды.

«Qarmet» ішкі нарықты толық қамтиды

Қазір «Qarmet» АҚ өнімдерін дүниежүзінің қырық шақты еліне экспорттайды. Біздің сапалы металлургиялық өнімдер әлемнің барлық елін қызықтырып отыр. Дегенмен кәсіпорын ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында жаңа стратегиялық бағыт таңдаған. Өндіріс ошағының өкілдері өз өнімдерін жергілікті кәсіпкерлерге ұсыну ниетімен жуырда Шымкентте арнайы кездесу ұйымдастырды. Оған мегаполистегі өндіріс, құрылыспен айналысатын көптеген кәсіпорын басшылары қатысты.

«Біз бұл жерге «Qarmet» АҚ мен жергілікті компаниялар арасында әріптестік байланыс ор­нату үшін келдік. Кәсіпорын бүгінде алдына бір­неше маңызды міндет қойып, соларды жүзеге асырғалы отыр. Атап айтқанда, ол жоғары нә­ти­желі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 2028 жылға қарай өндіріс көлемін 66%-ға ұлғайту. Өндіріс ауқымының кеңеюімен біз елдегі металлургия өнімдеріне деген сұранысты 100% жабамыз. Отандық кәсіпкерлермен әріптестік кездесу ұйымдастырып, өзара байланысты нығайту үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңын пайдаланамыз. Біздің кәсіпорын темір тақталар, сортты прокат, илектелген орамдар мен жұқа темірлер, мырышталған прокат, шағын диаметрлі құбырлар, мұздай илектелген орамдар мен темірлер, полимермен қапталған прокат, сондай-ақ шаршы пішінді дайындамалар шығарады. Міне, осы өнімдерді шымкенттік кәсіпкерлерге ұсынуға әрі металлургия комбинатының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндауға келдік. Алдағы уақытта әріптестік қарым-қатынас жандана түседі деген сенімдеміз», деді «Qarmet» АҚ өкілі Айгүл Дәуенова.

па

Жиынға қатысушы бизнес өкілдерінің ішінде жол құрылысы саласында қызмет атқа­ратын «Корпорация Береке А» фирмасының директоры Еркінгүл Оспаналиева отандық металл бұйымдарына ерекше қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

«Еліміздегі металлургия комбинатының алыбы «Qarmet» компаниясынан темір, болат секілді металл өнімдерін алуды көздеп отырмыз. Егер құны нарықтағы бағадан қымбат болмаса, неге өзімізге керекті өнімдерді сол жерден алмасқа? Бұрын металды Ресейден тасымалдайтынбыз. Бірақ көрші елден әкелу қиындап кеткен соң, қазір Қарағанды облысындағы темір бұйымдарын шығаратын екі-үш компаниядан алып жүрміз. Бізге негізінен темірден жасалған арматуралар керек. Одан өзіміздегі зауытта көпір құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарын жасап шығарамыз. Сайрам елді мекені аумағында үлкен екі көпір салып жатырмыз. Мұндай жауапты құрылыс жобалары­на өте берік, сапалы арматуралар керек. Қытай­­­дың өнімдері оған жарамайды. «Qarmet» өнім­дері­нің сапасы уақытпен дәлелденген. Сондық­тан оның металл бұйымдары ешқандай күмән туғыза қоймас деген ойдамыз. Шымкент­тің өзінде де темір арматуралар шығарылады. Оны мегаполистің индустриялық аймағында орна­ласқан металлургия комбинаты өндіреді. Бірақ Шымкент өнімінің сапасы нашар. Темір бұйымдары тез майысып кетеді, дәнекерлеуге де жарамайды. Ресейге салынған санкцияның әсері болды ма екен, ол жағын нақты білмедім. Алайда ол жақтан металл өнімдерін әкелу тіптен қиындап кетті. Ақшасын 3–4 ай бұрын аударып қойып, жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Оның үстіне, теміржол көлігінің құны да аспандап кетті. Сол себепті отандық тауарға көшуге шешім қабылдадық», дейді.

Экономист Марат Сейдахметов Ресейдегі санкциялық жағдайды ел экономикасын кө­теруге пайдалануға болатынын айтады. Қазір көп­теген нарықтағы сегментте көрші ел тауарлары азайып қалды. Солардың орнын толтыру үшін отандық кәсіпорындар жанталасып өнім өндіріп, жаңа тауарлар шығарып, ішкі нарықты толтырып тастауға тырысуы қажет.

Дегенмен маман бұл салада әлі де біраз түйт­­кіл бар екенін жасырмайды. Мәселен, жем­қорлық, әкімшілік кедергілер әлі де бизнес­­тің аяғына тұсау болып тұр. Сонымен бірге еліміз­­дің ішкі нарығын сыртқы тауарлардан қорғау жағы кемшін соғып жатқан секілді. Соның кесірі­­н­­ен көбіне жергілікті өнім өндірушілер жапа ­ше­гіп отыр.

Дей тұрғанмен, Президент Жолдауында ішкі нарықты қорғау жөнінде айтылды. Осыған орай ұлттық экономиканы дамыту мәселесінде оң өзгеріс болар деген сенім мол. Соның бір мысалын жоғарыда сөз болған маңызды кездесуден де көруге болады.

 

ШЫМКЕНТ