Медицина • 17 Ақпан, 2025

Семейде сәулелік терапия аппараттары іске қосылды

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және онкологиялық қызметті дамыту шеңберінде Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығында» «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы  және TrueBeam сәулелік терапия жүйесі пайдалануға берілді, деп жазады Egemen.kz.

Семейде сәулелік терапия аппараттары іске қосылды

Обырмен күресте оңтайлы қызмет атқаратын сәулелік терапия аппараттары алдағы уақытта денсаулық саласын дамытуға жол ашып, өңір халқына онкологиялық сапалы қызмет көрсетуге маңызды қадам басып отыр.

«Біз әрбір азаматтың сапалы және қазіргі заманғы медициналық, соның ішінде онкологиялық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасауға ұмтыламыз. Бұл аппаратар көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға және қалалар мен ауылдарда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін арттыруға көмектеседі деген сенімдемін. Бұл сонымен қатар қатерлі ісік ауруынан толық сауығу мүмкіндігін арттыра отырып, оны ерте кезеңдерде анықтауға көмектеседі. Осындай аппараттар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен еліміздің 5 өңіріне жеткізіледі», дейді аталған қордың Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева.

ьь

Медицинаның дамуының арқасында сау тіндерге барынша аз әсер ете отырып, онкологиялық ауруларды неғұрлым дәлірек диагностикалау және тиімді емдеу мүмкін болғаны мәлім. Мысалы, SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы сәулелік терапияны дәлме-дәл жоспарлау үшін ісіктерді егжей-тегжейлі көзбен шолуға мүмкіндік береді. Арнайы түсірілген кескіннің жоғары сапасын сақтай отырып, сәулелену дозасын мейлінше азайтады және ем-дом шарасын ағзаның табиғи физиологиялық процестерін ескере отырып жүргізу мүмкін болады.

«True Beam» сәулелік терапия жүйесі тек қатерлі жасушаларға әсер ете отырып сәулеленудің инновациялық әдістерін қолдануға және серпінді қадағалау технологиясының арқасында ең күрделі және қозғалмалы ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді.

«Іске қосылып отырған жабдықтар қазіргі заманға сай және жоғары дәлдіктегі техника ғана емес, бұл баға жетпес адам өмірін, азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға жасалған салауатты іс. Олардың дәл диагноз қоюға, емдеуді жоспарлауға, сәулелік терапияның салдарын азайтуға мүмкіндік беретіні дәлелденген. Орталықтың жоғары білікті персоналының арқасында бұл жабдық игі іске қызмет ететін болады. Осы аппараттарды пайдалану арқылы ортақ күш-жігерімізді жұмсай отыра азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет етеміз, дейді «Ядролық медицина және онкология орталығының» бас дәрігері Саят Таңатаров.

рр

Аталған қайырымдылық жоба аясында алдағы уақытта өзге де өңірлерді жоғары технологиялық қондырғылармен, қазіргі заманғы онкологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Келешекте Астана, Алматы, Қарағанды, Петропавл қалаларындағы медицина орталықтарында іске қосылатын бұл сәулелік терапия аппараттары денсаулық саласын жақсартуға мол мүмкіндік беретіні анық.