24 мамырда “Нұр Отан” ХДП партия қызметін баспасөзде үздік насихаттаған журналистер арасында өткізілген “Нұр Сұңқар” республикалық сайысының қорытындысын жариялады. Салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласындағы Конгресс-Холл сарайында өтті.
“Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: “Сіздерге бірден айта кетейін, Саяси кеңес бюросының шешімімен, бұл сайыс жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналады. Сіздердің еңбектеріңіз біздің мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін, тәуелсіз Қазақстанымыз үшін өте маңызды да жауапты. Сіздердің еліміздің саяси тұрақтылығы, бірлігі, әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуы жолында қосып жатқан үлестеріңіз өте зор. Сол үшін Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше назар аударып, барлық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін сіздер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, Президентімізбен бірге болдыңыздар және болашақта да солай болып қала беретіндеріңізге күмән жоқ”, дей келіп, “Нұр Сұңқар” сайысының біздің елімізде журналистиканы одан әрі дамытуды ынталандыра түсетініне сенім білдірді.
“Нұр Сұңқар” сайысы журналистер арасында “Нұр Отан” партиясының қызметін насихаттау, тұрғындарды партия қызметімен кең көлемде ақпараттандыру, журналистердің шығармашылық қабілетін шыңдау және ынталандыру мақсатында бірнеше аталымдар бойынша өткізілді.
“Наш депутат” – “Біздің депутат” аталымы бойынша үздік деп танылған қос журналистің қатарында “Егемен Қазақстан” АҚ тілшісі Анар Төлеуханқызы марапатталды. Ал сайыстың бас жүлдесін “Хабар” агенттігінің журналисі Александр Аксютиц қанжығасына байлап, оған пәтер кілті табыс етілді.
“Егемен-ақпарат”.