
Сурет: instagram.com/inbusinesskz/
Аудан орталығындағы мектептің оқушылары «Үлкенге құрмет» акциясының аясында қариялардың аулаларын қардан тазартып, үй жұмысына көмектесіп жүріп оқыс оқиғаның қаһарманына айналып шыға келген. Кезекті мәрте қолғабыс етуге шыққан Расул Бақтыбеков, Ертай Айыпқазы, Ерасыл Дәуітхан жалғызбасты ауыл тұрғыны Фелисада Арабеж әжейдің үйіне арнайы бас сұғып, бір жамандықты сезген жасөсіпірімдер бірден іске кіріседі.
«Әжейдің үйіне офицер-тәрбиешіміз Талғат Тоқтарұлының жетекшілігімен бардық. Біз келгенде үйдің ішкі жарығы қосылып тұрды. Есікті қағып, қоңырау соғып едік, жауап болмады. Бұл бізге күмән туғызды. Көршілерден әжейді соңғы рет қашан көргенін сұрадық. Олардан қарияны екі күннен бері сыртқа шықпағанын ести сала шұғыл әрекет жасауға шешім қабылдадық», дейді оқушылардың бірі Ертай Айыпқазы.
Көршілермен бірге терезені сындырып, ішке енген оқушылар әжейдің ес-түссіз жерде жатқанын көреді. Бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер қажетті ем-домын жасаған. Осылайша, оқушылар мен тәрбиешілердің қырағылығы арқасында 85 жастағы қария өлім аузынан аман қалды. Қазір Фелисада Арабеж емханадан шыққан, жағдайы бірқалыпты.
Аудан әкімдігі Көкпекті орта мектебінің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары мен жетекшісіне алғыс білдіріп, олардың ерлігі мен адамгершілігінің көпке үлгі екенін атап өтті. Бүгінде жас жеткіншектер облыстық еріктілер форумына шақырту алып, елдің қошеметіне бөленіп жүр.
Абай облысы