Қоғам • 19 Ақпан, 2025

Қос құрылым күш біріктірмек

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан мен Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларымен күресте күш біріктіруге бекінді. Яғни аталған құрылымдар бірлесіп, қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталған жаңа жоба туралы бастама көтерді.

Қос құрылым күш біріктірмек

Фото: Ұлттық ұлан

Жоба әскери қызметшілердің заңсыз схемалардың қатерлері туралы хабардар болуын арттыруға және алаяқтық құрылымдардың таралуына жол бермеуге бағытталған. Бастама аясында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында әскери қызметшілер ҚМА Превенция басқармасының басшысы Андрей Давыдовпен және «AML Academy» академиясының маманы Дархан Құсайыновпен кездесті. Олар қаржылық пирамиданы қалай тану керектігін, қандай инвестициялық ұсыныстарды мұқият тексерудің маңыздылығын, сондай-ақ әрбір азамат күдікті жобаны «Baiqa, piramida» ресми Telegram-боты арқылы қалай тексере алатынын егжей-тегжейлі айтып берді. Мамандар сондай-ақ ғаламторда дроптар туралы күмәнді вакансиялар кездесетінін, олардың артында алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертті және азаматтардың жеке деректері мен қаржыларын ұрлау үшін қолданылатын фишинг және вишинг схемаларына тоқталды.

– Ұлттық ұланмен бірлесіп, біз әскери қызметшілердің қаржылық сауатын арттыру және оларды ықтимал тәуекелдер туралы ескерту міндетін алдымызға қойып отырмыз. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды тек Бас қолбасшылық базасында ғана емес, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтарда да өткізу жоспарда бар. Сонда әскери қызметшілер барынша қажетті білім алып, өздерін және жақындарын алаяқтықтардан қорғай алады, – дейді ҚМА Превенция басқармасының басшысы Андрей Давыдов.

Бастама көтеріп отырған тараптар осы бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтпек. ҚМА мен Ұлттық ұлан арасындағы нақты нәтижеге бағытталған кездесулерді әскердің өңірлік қолбасшылықтарында да өткізу жоспарланып отыр. Алаяқ­тықтардың алдын алу мақсатында аталған күреске әскери тәрбиешілер де жұмылдырылады. Қос ведомство осылайша, маңызды ақпараттардың әрбір сарбазға жетуін көздеп отыр.

Ұландықтар ҚМА-мен арадағы ынтымақтастық қаржылық алаяқ­тыққа байланысты қатерлерге ден қоюға, сондай-ақ әскери қыз­мет­шілердің қаржылық сауат деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жобаны іске қосу мемлекеттік органдардың ел­дің экономикалық тұрақтылығы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бағытын­дағы маңызды қадам екенін де айтты.