
«2023 жылы мен есту қабілеті бұзылған балаларды мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету мәселесін көтердім. Атап айтқанда, бұл микротия және есту мүшелерінің атрезиясы бар балаларға қатысты болды. Өкінішке қарай, біздің елде мұндай балалардың көпшілігіне мүгедектік берілмейді», деді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, төртінші дәрежелі кереңдік диагнозы қойылған балаларға ғана мүгедектік алады және оларға мемлекет есебінен есту протездері беріледі, олар әр 5 жыл сайын ауыстырылады. Ал қалған үш санаттағы есту қабілеті бұзылған балалар көмексіз қалып отыр, депутаттар мәселені бірнеше рет талқылап, дөңгелек үстелдер өткізген, сондай-ақ есту аппараттарын сатып алу үшін несие алуға мәжбүр болған ата-аналармен бірнеше рет кездескен. Бұған қоса, мұндай балалар жиі буллингке ұшырайды, кейбірі мектепке барудан да бас тартқан жағдайлар болыпты.
«Осы мәселе бойынша екі жыл бойы жұмыс істедік және, ақыры, микротия және атрезия диагнозымен туған балалар мен ересектерді жергілікті бюджет есебінен есту аппараттарымен қамтамасыз ету туралы норманы енгіздік. Бұл – үлкен қадам, өйткені есту аппараттарының бағасы арзан емес: ең төменгі құны – 500 мың теңгеден басталып, 5 миллион теңгеге дейін жетеді», деді ол.
Айта кетейік, қабылданған түзетулерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар есту қабілеті бұзылған барлық санаттағы балалар мен ересектерді есту аппараттарымен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлулері тиіс. Сонымен қатар олар бұл аппараттарды уақытылы сатып алып, әр 5 жыл сайын жаңартып отыруға міндетті.