Аймақтар • 20 Ақпан, 2025

Қабаған иттен қалай құтыламыз?

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдық жер былай тұрсын, қаланың қақ ортасында иесіз иттер қаптап кетті. Бұл мәселе кейінгі жылдары тіпті күр­­делене түскен. Себебі ит атуға заңмен тыйым салынған. Был­­тырдың өзінде өңірде 1 200 адамға ит шабуылдаса, одан бұрын ­2 000 адамға иттің тісі батқан. Соның өзінде қолдан келер қайран жоқ.

Қабаған иттен қалай құтыламыз?

Сурет: qarmaqshy-tany.kz

Жақында ғана Өскемендегі №46 мектептің маңайында топтасқан он шақты ит адамға шабуылдап, елді дүрліктірді. Ата-аналар алаңдады. Бір тарап иттердің көзін жою керек десе, екінші жағы керісінше, қорғауға алуымыз керек десті. Біз итті қорғайық делік, сонда адамды кім қорғайды? Еске сала кетелік, 2021 жылдың 17 жел­тоқ­санында Өскемен іргесіндегі «Лесхоз» кентінде 6 жастағы қыз баланы ит талап өлтірген. Өткен ай­да ғана Риддер қаласында 11 жас­тағы баланы бес ит талап, көрер жарығы бар екен, аман қалды. Об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының баспасөз қызметі бер­ген мәліметке көз салсақ, 2024 жылы ит қапқан 736 адам дәрігер көмегіне жүгінген.

– Ит шабуылынан зардап шек­кен­дердің саны Өскеменде көп. Мұнда 467 жағдай тіркелген. Сонымен қатар Алтай ауданы мен Риддер қаласында да иттен төнген қауіп азаймаған. Ит қапқандардың ең кішісі екі жасар болса, егдесі 83 жастағы қария, – дейді об­лыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сы­ның баспасөз хатшысы Әсем Қай­ратбек.

Иесіз иттерді атуды бір жа­ғы­нан заң шектесе, екін­ші жағынан жануарларды қор­ғау ұйымдары бар. Бір ғана Өске­менде жануарларды қорғаушы аза­маттардың саны мыңнан асады. Ветеринарлар заң өзгермей, иесіз иттердің санын азайту мүмкін емес екенін айтып, зар қақсайды.

– Қаңғыбас итті ату керек. Мәселені шешудің бір жолы – осы. Ол үшін заңды өзгерту қажет. Әйтпесе, иттерді аулаудың өзі – әуре. Жетектеп алып кететін мал емес. Аулап апарғанның өзінде жекеменшік приют иелері алмайды. Ит-мысыққа арналған мемлекеттік баспана жоқ, – дейді Өскемен қалалық ветеринария қызметінің директоры Жұмағазы Оразалин.

Биыл облыста ит-мысыққа арнал­­ған бас­пана салынуы мүм­кін. Ресми мәліметтерге сүйенсек, оның құры­лысына 202 млн теңгеден аса қаржы қажет. Балабақшаларға бала сыймай жат­қанда, иесіз итке қыруар қаржы шашу­дың қаншалықты қажеті бар деген де сұр­ақ туады.

– Күрмеуі қиын бұл мәселені шешу мақсатында Өскемендегі 28-шағын ауданнан 500 итке арналған баспана салуды жос­пар­лап отырмыз. Әзірше қаң­ғы­бас иттерді аулап, вакцинасын қойып, жекеменшік ит-мы­сық­қа арналған бас­паналарға өткі­земіз. Негізі, адам өміріне қауіп төн­дірсе, тиісті шара қолдана ала­мыз. Оның ережесі бар, – дей­ді облыстық ветеринария бас­қар­масының бас маманы Асылбек Ризабекұлы.

Бұл мәселенің қозғалуына түрткі болған 19-шағын ауданда өріп жүрген иттердің адамға шабуылы. Ветеринария мамандары дереу бұл маңдағы иесіз иттерді аулап, заң аясында шаралар жүргізді. Әп дегенде алты ит ауланды. Кейіннен сол маңдағы бірнеше ит қамауға алынды. Десе де, мектеп ма­ңайында жүр­гендіктен, ата-аналар алаңдаулы.

– Бізге иттен гөрі баламыздың денсаулығы маңызды. Сондықтан иесіз иттерді еркіне жіберудің қажеті жоқ. Атуға болмайды екен деп, балаларды итке талатып қо­йып отыра алмаймыз. Жануар­лар­ды қорғаушылар ит-мысыққа қорған боламыз десе, үйлеріне алып кетіп, байлап бақсын, – дейді ашынған ата-ана Айнұр Ахметова.

Қала басшылығы да иесіз иттердің мәселесі назарда болатынын айтып сендірді. Қанша дегенмен, ит пен мысықты аулау туралы заңға өзгеріс енбей, мәселенің түбегейлі шешілуі қиын.

 

ӨСКЕМЕН