
Жауапты құрылым өкілдері дария бойын ұдайы бақылауда ұстап отыр. «2024–2025 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзеніндегі суды қауіпсіз өткізу» жоспарына сай арна деңгейін төмендету мақсатында магистралды каналдар мен көлдер жүйесінен су алу кестелері әзірленді. Облыс аумағындағы су басу қаупі бар 29 аймақта 167,3 мыңға жақын тұрғыны бар 36 елді мекен орын тепкен. Олардың қауіпсіздігін қорғауға 135 мекеме бекітілген. 410 арнайы техника, 1 234 адам сақадай сай тұр.
Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор ретінде 129,7 тонна жанармай, 95 110 дана қап пен басқа да материалдар әзірленді. Айтқан жерден аулақ, аяқасты су баса қалған жағдайда 61 эвакуациялық жинақтау, 71 қабылдау бекеті дайын.
«Қазгидромет», «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары Сырдария өзені арнасындағы 10 су бекеті мен 4 су торабындағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізіп, жергілікті атқарушы органдар, су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілік етеді.
Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаевтың айтуынша, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес, 2 тікұшақ дайындыққа келтіріліп, мұз жаратын арнайы мамандандырылған мекемемен келісімшарт жасалған.
Биылғы қыс жылы болып тұр. Дария арнасындағы мұз да жылдағыдан әлдеқайда жұқа. Наурыз айында мұз көбесі сөгіле бастайды. Су шаруашылығы нысандарының техникалық жағдайына жасалған зерттеу нәтижесінде облыс бюджетінен қаржы бөлініп, Арал ауданы аумағында 2, Жалағаш ауданында 1 учаске жөнделді. Қызылорда қаласы мен аудандарда кәсіпкерлер демеуімен 20 нысанға қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Мамандар жазда әр тамшысы алтынға айналатын дария суын тиімді пайдалану бағытында жұмыстар қолға алынғанын айтады. Арнаға сыймаған артық су көлдерге жіберіліп, көп жылдан бері ортайып тұрған айдындар алабы біршама ұлғайды. Қазір Шардара суқоймасына түсіп жатқан су мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының осы уақытқа болжаған көлемінен 130%-ға артқан. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағанбетовтің айтуынша, облыс шекарасына секундына түскен 500 текше метр судың 365 текше метрі Қызылорда су торабынан өтіп жатыр. Осы судың 140 текше метрі кіші Арал теңізіне құяды.
«Осының өзінен өңірдегі көлдерге биыл су жақсы жетіп жатқанын аңғаруға болады. Мысалы, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесіне 1 млрд текше метрге жуық су барды», дейді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу, көктемгі қарғын суды жинап, оны диқандардың қажетіне жарату үшін гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту бағытындағы тапсырмасына орай облыста бірқатар жұмыс атқарылды. «Су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» аймақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған 112 жоба енгізіліп отыр.
Аймақтағы стратегиялық маңызы бар «Қызылорда», «Әйтек» су тораптары күрделі жөндеуден өтіп, «Көкарал» бөгеті назарға алынды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Жаңақорған ауданының Келінтөбе магистралды каналына су жеткізетін 6,1 шақырым айналма арна қазылды.
Әр көктем, жазда тамшы суға зар болып қалатын дария етегіндегі аймақта 31 мың гектар суармалы, 120 мың гектар шабындық пен жайылымдық жерді суландыруға мүмкіндік беретін «Қараөзек» су қоймасы жобасы облыс үшін аса маңызды болып отыр. Айдынына 775 млн текше метр су сыйғызатын қойма құрылысын Ислам Даму банкі есебінен қаржыландыруға қатысты Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізілу үстінде. Мамандар бұл бастама арқылы Арал теңізіне тұрақты су жеткізуге жол ашылатынын айтады.
ҚЫЗЫЛОРДА