
Негізгі шикізат ретінде ұшу күлін және түйіршіктелген шлакты қолдану көзделген. Мамандар техногендік қалдықтарды жол құрылысына енгізу – қалдықтарды кәдеге жаратудың тиімді шешімі ғана емес, сонымен қатар құрылыс материалдарына жұмсалатын шығындарды айтарлықтай қысқартудың жолы дейді.
«Зертханалық сынақтардың алғашқы кезеңінің нәтижелерінде модификацияланған минералды ұнтақтың дәстүрлі аналогтарынан артықшылығы дәлелденді. Сонымен қатар, қайта өңдеу технологиясының жаңа тәсілі екінші реттік ресурстарды пайдалану есебінен жол құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендетуге және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», деді «ҚазжолҒЗИ» ғылым басқармасының басшысы, т.ғ.к. Қайрат Мұхамбетқалиев.
Сарапшылар жобаның экономикалық тиімділігі оны кең ауқымда енгізуге перспективалы ететінін атап өтті. Айта кетейік, сынақтар сәтті аяқталғаннан кейін технология елдегі ірі жол құрылысы жобаларына ұсынылады.