26 Маусым, 2010

“ҰРПАҚ ҚОРЫ” БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА ҚОСЫЛҒАН ӘР СӘБИГЕ БАНКТЕН ЖЕКЕ ЕСЕП-ШОТ АШЫЛМАҚ

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев таяу жылдары Қазақстан халқын  20 миллионға жет­кізу міндетін қойып,  алдағы мақсатқа жету жолдарын белгілеп бергені өзімізге белгілі. Өкініштісі сол, Қызылжар өңірінде бала туу жайы  әлі көңіл көншітпейді. Сәби­лер­дің  күлкісі жиі естілетін Маңғыстау облы­сында әр 1000 адамға шаққанда 23 бала­дан айналса, Қызылжар өңірінде екі еседей аз, республикалық орта көрсеткіштен көп төмен. 2008 жылы 9085 сәби дүниеге келсе, былтыр бұл сан  8797-ге дейін  кеміп кеткен. Жас аналардың бала санын  алаңсыз кө­бей­туіне қамқорлық жасау бірінші кезектегі мәселе екені айтпаса да түсінікті. Облыстық әкімдікте  “Ұрпақ қоры” атты бағдарла­ма­ның таныстырылымы өткен рәсімде  жас от­басыларды “балалы үй — базарға” айнал­ды­ру­дың жолдары жан-жақты сөз болды. Аймақ басшысы Серік Біләловтің бастамасымен елімізде алғаш рет қолға алынып отырған жаңа бағдарлама туралы облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов баяндап берді. Тұсауы кесілген  пилоттық жобаның негізгі мақсаты – төрт және одан да көп ба­ласы бар отбасылардағы кәмелетке толмаған әр сәбиге банкте 1,5 мың доллар  мөл­шерінде депозит ашу мәселесін қарастыру. Ол жылына он пайыздық өсімді құрап, сәби 18 жасқа толғанда жеке есебіндегі қаржы 8 мың долларға жететін болады. Ол ақша кәмелетке толған жастың оқуына, тұрғын үй алуына, тағы басқа қажеттеріне жұмсалады. Бағдарлама бірінші қыркүйектен бастап жүзеге асырыла бастайды. Жиында сөз алғандар ана мен баланың денсаулығын жақсарту, сәбилердің өлімін азайту,  екінші дәрежелі банктерді таңдау мәселелері жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды. “Ұрпақ  қоры” бағдарламасына қолдау білдірілді. – Бес жылға арналған бағдарламаның бала асырап  алған отбасыларға  да тікелей қатысы бар. Мысалы, бір отбасы 4 бала асырап алатын болса, әрқайсысының есепшотына 1500 доллар салынып, жыл сайын ұлғайып отырады. Мұның өзі  жетім балалардың санын азайтуға  мүмкіндік тудырары сөзсіз. Кейін мемлекеттік заказға енгізуге күш салатын боламыз,— деді Серік Сұлтанғазыұлы басқосуды  түйіндей келіп. ӨМІР ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.