
Бұған дейін Ерасылдың кәсібі туралы жазсақ, бұл жолы өнері төңірегінде сөз қозғамақпыз. Мектепті тәмамдаған соң ол өлеңнен гөрі өндіріске жуық мамандықты таңдаған. Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тау-кен ісі мамандығы бойынша оқып, Өскеменнің іргесіндегі металлургия фабрикасына жұмысқа орналасқан. Әйтпегенде, бала жасынан әдебиетке жуық еді. Әкесі Дидар Сіләмов батырлар жырын жаттатып өсірді. Содан болса керек, жалпы руханиятты жанымен ұғынған ұлтжанды азамат. Біздің жақтың баласы болған соң ба, оның көшеде өлең оқып жүргенін елеп, ескермейді екенбіз. Басқа өңірдің тұрғындары бәрекелді десіп, қолпаштап жатады. Парақшасына жылы пікірлер қалдырады. Оны Ерасылдың өзі де айтып отыр.
– Оралхан Бөкей айтпақшы, ауыл жаққа барсам, ешкім амандасып, арқамнан қақпайды. Өйткені олардың ішінде менен асқан таланттар бар. Бірақ, көрсеткілері келмейді. Басқа қалада жүрсем, танып жатады. Бірге суретке түседі. Өлең оқып беруімді сұрайды, – дейді танымал блогер, кәсіпкер Ерасыл Дидарұлы.
Айтқандай, Ерасыл жыл құсы секілді Алматыда қыстап, ала жаздай Алтайында жүреді. Табиғаттың тартуын жинап, күзге салым соны саудалайды. Кәсібі де елде жоқ, ерекше. Балқарағайдың майын сығымдап, соны ұсынады халыққа. Ол жарайды, өлең өлкесіне қайдан келдің деп сыр суыртпақтай береміз ғой. Ондайда ойланбастан әдебиетке деген қызығушылық деп ағытады әңгіме тиегін. Ара-арасында өлең оқи жөнеледі.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Қара жорға шайқалып, бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді»
деп, мектепте жаттаған жыр-дастандарын есіне түсірген.
– Бала күнімде жаттай бердік. Бірақ өлеңнің мән-мағынасын түсіне бермеппіз. Кейін қайта оқып отырсам, қаншама құнды дүние жатыр. Мұқағали Мақатаев, Қасым Аманжолов, Қадыр Мырза Әлі аталарымның жазған дүниелерін жүрекпен оқыдым. Өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Әйтпесе, фабрикадан шығып кеткен соң неше жыл жұмыссыз жүрдім. Былайша айтсақ, өмірдің мәнін, ұлттың жанын ұғындырды. Демек, маған әсер еткен өлең басқаға да әсер етуі мүмкін деген оймен көшеде ұшыраса кеткен адамдарға оқи бастадым. Бірі қабылдайды, енді бірі керек етпейді, – дейді Ерасыл Дидарұлы.
Иә, әлеуметтік желісін қарап отырсақ, Ерасылдың оқыған өлеңін көшедегілердің бірі ынта қойып тыңдайды. Асығыстық танытқандары да бар. Кадрдан тыс нендей жағдай болып жатқаны көпшілік көрерменге беймәлім. Сөйтсек, келісе алмай қалып қоқан-лоқы көрсетіп жататындар да жоқ емес екен. Ол мәдениеттің төмендігі деп топшылайды Ерасыл. Айтуынша, кім қай салада еңбек қылса да, ұлт мүддесі бірінші орында тұруы керек.
– Бұрын Батысқа қарап, бет түзесек, қазір кәріске еліктейтінді шығардық. Білінбей ғана жастардың бойына өзгелердің мәдениеті, әдебиеті сіңіп жатыр. Шетелдің кітаптарын оқуды модаға айналдырды. Әлбетте, біз шектеу қоя алмаймыз. Бірақ, өз ұлтымыздың руханиятын жастарға сіңіру үшін жұмыс істейік. Менің қолымнан келгені – өлең оқып, ой салу. Соны істеп жүрмін, – дейді.
Рас, Ерасыл саябақтарда жүріп, бейтаныс адамдарға өлең оқи жөнеледі. Әуелі сәлемдескен соң қазақ тілін білетін-білмейтінін сұрап алады. Түсінсе болды, өмір туралы, махаббат туралы өлеңдерінен төгеді. Өлең оқи тұрып, бір мүдірмейді. Мұншама өлеңді қайтіп есте сақтайсың деп әкесі де таңғалады. Қалай жаттап алатынын біз де сұрап көрдік. Жасырмады, айтты.
– Өлең жаныма жақын болса, тез жатталады. Түсініп оқимын. Көбінде спорт залдарға барып, жүгіру жолағында тұрып жаттаймын. Себебі жүгірген кезде қан айналымы жақсарып, есте сақтау қабілет күшейетін сияқты. Кейін іштей қайталап жүремін. Сөйтіп, автоматты түрде айтыла береді. Соған жеткенде ғана көшеде ұшырасқан адамдарға оқимын, – деп, ағынан ақтарылды Ерасыл.
Ол өлең оқып көпке танылды. Қазақтың, тіпті әлемдік классиктердің өлеңдерін насихаттап жүр. Орыс ұлтының өкілдері тіпті өздері білмейтін өлеңді қарапайым қазақ баласының аузынан естігенде таңданыстарын жасыра алмай, эмоцияларына ерік береді. Алдағы уақытта Мұхтар Шаханов пен Редиард Киплингтің өлеңдерін жаттасам дейді. Сондай-ақ туған жеріндегі таланттарды бейнекамераға түсіріп, елге танытсам деген арманы бар.
Шығыс Қазақстан облысы