
Сот өкілінің мәлімдеуінше, мопедтер ашық жерде тұратындықтан, балалар рұқсатсыз мініп кететін көрінеді. Былтыр сот кәмелетке толмағандар ісі бойынша 100 үкім шығарыпты. Бір жағдайда ғана тонау фактісімен бір бала 1,4 жылға бас бостандығынан айырылған. Б.Қарабаев балалар кәмелетке толмағандықтан, оларға мейлінше жеңіл жаза қолданатындығын айтады. Егер келтірілген шығын көлемі айыпталушы тарапынан толық өтелсе, көп жағдайда іс сонымен тоқтайды. Өкініштісі, былтыр қылмыстық іс бойынша сот төбелес кезінде қарсыласын мерт қылған 17 жастағы жасөспірімді 6,8 жылға бас бостандығынан айырған. Кейінгі кездері кәмелет жасына толмағандарға қарсы қылмыстар да кездеседі. Соның ішінде былтыр бір ересек азаматқа қатысты сот бір жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Ол жас баланы ұрып-соққаны, денесіне орта дәрежедегі жарақат салғаны үшін осындай жаза арқалаған. Шартты түрде кесілген себебі, жәбірленуші жақ кешірім берген.
Судьяның айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда кәмелет жасына толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық былтыр едәуір азайған. Оған профилактикалық іс-шара өз септігін тигізген. Әсіресе бұл арада учаскелік инспекторлар жұмысының нәтижесі айқын көрінеді. Әзірге сот өндірісінде жабық іс бойынша кәмелет жасына толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық қылмысымен бір ғана оқиғаны қарау тұр. Қазір кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотқа балаға қатысты барлық мәселені жүктеп қойған. Соған байланысты некені бұзу, ажырасу дерегімен істер саны 300% өсіп кеткен. Кәмелетке толмағандар істерін қарайтын сот төрағасының міндетін атқарушы Б.Қарабаев судьялар саны жетіспейтіндіктен, оларға жүктелетін жүктеме де тым артып кеткенін жеткізді.
Кәмелет жасына толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта былтыр қоғамдық пікір туғызған үлкен бір іс қаралған еді. Бір азаматтың 5-6 баланы асырап алып, бірақ оларға дұрыс күтім жасамай, зәбір көрсеткені туралы болатын. Елді елең еткізген осы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалады. Сот арнайы сараптама тағайындап, әлгі адамның шизофрения ауруына шалдыққанын анықтаған. Осыған байланысты сот азаматты жабық түрдегі арнайы емдеу мекемесінде мәжбүрлеп емдетуге шешім шығарады. Миында ауытқуы бар азамат балаларды Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан қалай асырап алған? Мұндай диагнозының бар екені неге тексерілмеген? Бұған қатысы бар, өз ісіне салғырт қараған сала мамандарын жауапқа тарту керектігі туралы арнайы мәлімдеме жоғарыда аталған қалалардың құзырлы органдарына жіберіліпті.
Брифингте қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты төрағасының міндетін атқарушы Қуандық Мырзахметов 2023 жылмен салыстырғанда шешім шығару былтыр 22%, істерді қарау 18% артық орындалғанын жеткізді. Экономикалық сотқа талап-арыз бергендер ішінде Шымкент қалалық әкімдігі де болған. Атқарушы билік заңсыз салынған нысандарды бұзу туралы сотқа арыз жолдаған.
«Сот қала әкімдігінің талап-арызын толық қанағаттандырды. Яғни Республика даңғылы бойында орналасқан «Қиял әлемі» саябағын заңсыз салынған нысан деп шешім шығарды. Осындай шешім Желтоқсан көшесінде орын тепкен сырахана ғимаратына да қатысты. Алайда сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Себебі апелляциялық шағым қаралып жатыр. Соңғы нүктені сол соттың шешімі қояды. Шымкент әкімдігі қаланы сумен қамтамасыз етуші «Су арнасы-маркетинг» серіктестігіне қатысты да талап-арыз берген. Бірақ кейін ол арызды қайтып алған. Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан аталған компанияға екінші рет берген талап-арызы қаралып жатыр. Әлі ешқандай шешім шыққан жоқ. Сондықтан бұл мәселе кімнің пайдасына шешілері әзірге белгісіз», деді Қ.Мырзахметов.
Брифингте Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Бақытжан Бөрібеков те баяндама жасап, азаматтық сот саласында жүргізілген реформалар туралы айтып өтті. Мәселен, жаңа реформада алаяқтарға алданып, ақшасынан айырылған жәбірленуші құзырлы тергеу органына арызданса, ол орган кінәліні тауып, қылмыскер жасаған кінәсін мойындаса, банк тарапынан алаяқтың құрбаны болған азаматтың қарызын толық кешіріп жіберу міндеті қарастырылған. Яғни бұрынғыдай жәбірленушінің алаяқтық қылмыста құқығын қорғап, ақшасын өндіру үшін сотқа жүгінуінің қажеті жоқ.
ШЫМКЕНТ