Несие • 21 Ақпан, 2025

Тауарлы несиенің шарапаты

64 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауда өңірлерде тауарлық несие бағдарламасын енгізуді шегелеп тапсырған еді. Жобаның жемісті болуы үшін сала мамандары жанталаса жұмыс істеп жатыр. Елді мекендерде мал басын көбейтуді мақсат еткен бағдарламаның шарапатын сезініп жатқан тұрғындар аз емес.

Тауарлы несиенің шарапаты

Сурет: finance.digitalbusiness.kz

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданында төрт түлік өсіруге ниетті тұрғындарға 100 бас мал берілді. «Атай» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Атаевтың бас болуымен Абай ауылының тұрғыны Қалисұлтан Тілепбергенов пен Бақытжан Ботаевтың әрқайсысы 50 бас қой алды. Олар 3 млн теңге берешекті 5 жыл ішінде белгіленген ережеге сәйкес өтеуі тиіс.

«Ауылдастарымды қолдап, ауылдың дамуына үлес қосуға әрқашан әзірмін. Болашақта ауыл азаматтарына асыл тұқымды төрт түлік беру мәселесін де ойластырып отырмын. Ең бастысы жерлестердің іс бастауға ниет танытып отырғаны көңіл қуантады. Ниет болған жерде нәтиженің көп күттірмейтіні даусыз», дейді Сәкен Атаев.

Облыстық Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, тауарлы несие алған азаматтардың қарызды өтеуі үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған. Мәселен, бірінші жылы төлем мәселесі бойынша демалыс жарияланса, одан кейін жыл сайын төлдің 50 пайызы негізінде өтем төлеуге міндеттеледі. Осылайша, бес жылда несие борышын өтейді. Жоба бойынша бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыз жүрген азаматтарды қолдауға басымдық беріледі.

Шу ауданының өзге де кәсіп­кер­ле­рі ауыл тұрғындарына тауарлы несие беруге құлшыныс білдіріп отыр. Олар кем дегенде 30 бас уақ мал, 15 ірі-қара және 10 жылқы ұсын­уы тиіс.

Шалғайда орналасқан Мо­йын­құм ауданындағы «Үркер» шаруа қожалығының жетек­шісі ауыл тұрғындарына 20 бас ірі қара мен 100 бас уақ мал беруге дайын екенін жет­кіз­ді. Ал жер­гілікті атқарушы билік өкіл­­дері тауар­лы несие алуға ниетті ауыл тұрғындарының тізімін жасақ­тап жатыр.

Ауыл шаруашылығы бас­қар­масының мамандары жыл соңына дейін 80-ге жуық келі­сім­ге қол қойып, жобаны жандандыра түсеміз дейді.

 

Жамбыл облысы