Өндіріс • 21 Ақпан, 2025

Сұраныс үдесінен шыққан кәсіпорын

1121 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шиелі ауданында «Қазақстанның мұнай-газ химиялық компаниясы Кемикал» ЖШС филиалы 20 жылдан аса уақыт бойы газ және су жүйесіне қажетті құбыр шығарып келеді. Кәсіпорын өнімінің ауқымды бөлігін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы пайдаланып отыр. Германияның «Крас Маффай» фирмасынан шыққан, автоматты құрылғылармен жабдықталған соңғы үлгідегі технологиялық желіні пайдаланып отырған серіктестік еліміздің әр түкпірінен түскен тапсырыстарды сапалы әрі уақтылы орындайды.

Сұраныс үдесінен шыққан кәсіпорын

«Біз келген шикізатты, шықққан өнімді тексеріп отырамыз. Ол үшін ке­ректі құрылғылармен жабдықталған лабораториямыз бар. Өнімнің жарамды­лық мерзімі 50 жылға жетеді. Қазір темірге қарағанда коррозияға әлдеқай­да төзімді пластикалық құбырларға сұраныс көп. Әсіресе жерасты сілтілеу арқылы алынатын уранға қажетті поливинил­хло­рид құбырларына тапсырыс көп түседі. Темірмен салыстырғанда мұндай құбырлардың төзімділігі төрт есе жоғары. Бұрынғыға қарағанда бағасы да арзан, тасымалдау да оңай», дейді кәсіпорынның инженер-технологі Мейірбек Кемалов. 

Өндіріс орны шикізат ұнтағын Қытайдан алдырады. Оған керекті түрлі қоспа Түркия, Ресей мен өз елімізден табылып отыр. Ал полиэтиленнен жасалатын материалды Ресейден импорттайды. Бұл тарапта сол мемлекеттегі «Сибур» компаниясымен байланыс жолға қойыл­ған. Филиал директорының орынбасары Арман Әбдіқадыровтың айтуынша, кәсіпорын зауыттары Алматы облысы мен оңтүстіктегі Сарыағаш өңірінде де жұмыс істеп тұр. Жетісудағы өндіріс целлофан мен пакет шығарса, оңтүстіктегі зауыт жылыжайға керекті материалдар өндіреді. Ал Шиелідегі өндіріс осы аудан мен көршілес Түркістан облысындағы Созақ ауданындағы уран өндірісін құбырмен қамтамасыз етіп отыр.

ва

Зауытта желінің екеуі полиэтилен, тағы екеуі поливинилхлорид құ­быр­ларын шығарады. Өндіріс 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Бәрі де жергілікті тұрғындар. Біз барғанда солардың бірі Ермек Өтетілеуов қондырғыны кезекті тапсырыс бойынша өнім шығаруға дайындап жатыр екен. Құбырдың ұзындығы, диаметрі осы арадан белгіленеді. Қон­дырғыда белгіленген өлшемдерге сай оның қалыңдығы қалыптасады. Поли­винилхлорид құбырларын бір-біріне жалғау үшін ойма жасайтын токарь Қуандық Әшім – кәсіпорындағы жас маманның бірі. Осыған дейін Астана қаласында 2 жыл жұмыс істеген Қуандық жастар жолай бермейтін мамандықты игеріп, зауытқа біраз тәжірибе жинақтап келіпті.

«Қатарластарымның көбі жұмыс жоқтығын сылтау қылып, бос жүр. Ізденсең, талаптансаң қай кәсіпті де мең­геруге болады. Мысалы, қазір менің жаныма тағы бір токарь керек. Бүгінде жастардың өндіріске қажетті мамандықтарды игеруіне бар жағдай жасалып жатыр. Зауытта жұмысқа келген адамды қайта мамандандыруға да баса көңіл бөлінген. Қатарластарым осы мүмкіндікті пайдаланса екен», дейді жас маман.

Желіден жаңа шыққан өнімді мұз­дату­дың да өз қыр-сыры бар. Бұл кәсіп­пен өндірістегі жалғыз маман Сергей Гофман айналысады.

Кәсіпорында өндірілетін полиэтилен құбырларының диаметрі әртүрлі. Су мен газ тартуға 50-630 мм-ге дейінгі құбырлар пайдаланылады. Өндірістік мақсаттағы құбырдың диаметрі 63-225 мм аралығында.

ва

Зауыт қазір «Қазатомөнеркәсіп» компаниясынан бөлек «Байкен U», «Семізбай U», «Катко» БК», «РУ-6», «Қорасан U», «Инкай» БК», «Заречное» БК», «Волковгеология», «Ақмешіт-Мелиоратор», «Сәт сервис», «Алтын Айдар­лы» және «Бақ-Береке» кәсіпорын­дарымен тығыз жұмыс істейді.

«Жылына 8 мың тонна поливинилхлорид, 4 мың тонна полиэтилен құбыры шығарылады. Қазір осы қуатын толық пайдаланып отырмыз. Одан бөлек, желілерді жаңғыртуға да баса мән беріледі. Өйткені бұрынғы көрсеткішті малданып, сәл тұрып қалсаң бәсеке талабына шыдас бере алмайсың. Сондықтан қондырғы жаңартып, мамандарды әзірлеу ісі үздіксіз жүргізіледі. Өндірісте СЭС талаптары қатаң сақ­талып, жұмысшыларға қажетті сүт өнім­дері үзбей беріліп келеді», дейді филиал директорының орынбасары Арман Әбдіқадыров.

Еске сала кетейік, былтыр Жетісу облысына су, Ақтөбеге газ құбырларын жеткізген. «Келісім бойынша өнімді өзіміз жет­кізетіндіктен арнайы автопаркіміз бар. Қазір ондағы техникаларды жаңарту қолға алынып жатыр. Халықаралық талаптарға сай өнім өндіріп келе жат­қан кәсіпорын түрлі байқаулардан да лайықты жүлде еншілеп жүр», дейді компания өкілі.

 

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы