19 Маусым, 2015

Заманауи кешен

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Келесі жылы Қазақстан және Ресей Президенттерінің қатысуымен Қызылжар өңірінде аймақаралық форумның өтетініне байланысты маңызды шараға тастүйін дайындық қызу жалғасын тапты. Солардың біріне облыс орталығында «Hampton by Hilton» элиталық қонақүйдің іргетасын қалауға арналған рәсімді атауға болады. Атал­мыш нысанның жобасын арнайы тапсырыспен мәскеулік мамандар жасапты. Жеті қа­баттан тұратын 4 жұлдызды көпбейінді қонақүй кешенінде 120 нөмір болады: олардың 2-еуі– президенттік, 2-еуі – люкс, 10-ы – делюкс, қалғандары – стандартты нөмірлер. Көздің жауын алатын ғимаратта сонымен қатар, фитнес орталығы, конференц залы, мейрамхана, холл, ал төменгі қабаттарда супермаркет, сауда орындары орналасады. Жалпы, аумағы 11 мың шаршы метрді құрайтын әрі облыста баламасы жоқ кешеннің құны 1 миллиард 23 мил­лион теңгеге бағаланып отыр. – Инвестор мен бас мердігер әлемдік талаптарға толық жауап беретін нысанды бір жылдың ішінде пайдалануға беруге міндеттеніп отыр. Алғаш­қы көпбейінді қонақүй өңірде туризмді дамытуға, эли­талық бизнес өкілдерін жоға­ры дәрежеде қабыл­дауға мүм­кіндік береді, – дей келіп, облыс әкі­мінің орынбасары Ерлан Әукенов жергілікті құрылыс ма­те­риалдарын кеңінен қолдану қажеттігін атап көрсетті. Аталмыш нысанның құ­рыл­тайшысы, Петропавл қа­ласының тумасы Дмитрий Ко­шелев бас мердігер «Ударник СК» ЖШС болып табылатынын, құрылысқа «Nord hotel Group» компаниясының қар­жысы жұмсалатынын жет­кізді. Сонымен бірге, банк не­сиесінің сыйақысын демеу­қаржыландыруға және ин­фра­құрылымдар тартуға «Би­з­­нестің жол картасы-2020» бағдарламасы жә­не «Да­­му»қоры арқылы мем­ле­кет­тік қол­дау көрсету бел­гі­ленген. Оның сөзіне қарағанда, Ресей мен Қазақстанда үлгілі ғима­раттар салумен айналысатын серіктестіктің тәжірибесі мол көрінеді. Төрткүл дүниеге ке­ңінен танымал «Hilton» брендін қолдану қаланың қақ төрінде сәулетті ғимараттың бой көте­ретініне сенімді. Салтанатты рәсімнен кейін «Hampton by Hilton»  қонақүйінің құрылысына арналған капсула тасқа бұрғыланған ойыққа орнатылды. Жеке инвесторлардың қа­ражатына тұрғызылып жат­қан тағы бір жаңа қонақүйдің ішкі әрлеу жұмыс­тары атқа­рылуда. Үшінші қонақүйдің құрылысы таяу уақытта бас­талады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.