
Жастар жұмысшы мамандығына қаншалықты қызығады деген сауалды білікті маман, инженер-құрылысшы Ерлан Мұстафаевқа қойған едік. «Ең бірінші олардың бойында мамандыққа деген құрметі жоғары болуға тиіс» дейді маман. Әрқашанда оқу, білім алу адамға кеш емес екенін де атап өтті. Өзі мектепті бітірген соң бір жыл қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарайтын Басши ауылында еңбекке араласып, әскери міндетін орындауға барғанын жеткізді. Кейін Өскемендегі құрылыс институтын тәмамдап, инженер-құрылысшы мамандығын меңгереді.
«Мен үйдегі жеті баланың тұңғышы едім. Әкем 34 жасында көпір құрылысы кезінде мертігіп, ұзақ уақыт емделді. Әкем екінші топтағы мүгедек еді. Сосын үйдің бар шаруасы маған қарады. Өзіме тете қарындасым оқуға түсіп, бір жыл қалаға жерсінгенше ауылда әкем мен анамның жанында бауырларыма бас-көз болдым», дейді Е.Мұстафаев. Өскемендегі оқуын тәмамдаған соң жас маманды Алматы облыстық коммуналдық шаруашылығына жібереді. Маман бұл орта үлкен ұстахана болғанын айтады. Облыстың құрылыс-монтаж басқармасында қатардағы қызметкерден басшы лауазымына дейін қызмет сатысына өсті.
«Құрылыс саласын жете білетін маман ретінде айтарым, бүгінде дәнекерлеуші мамандар өте қат. Дәнекер деген – болатты бір-біріне жалғау ғана емес, темірден түйін түйіп, өрнек салумен бірдей. Темірді темірге жалғауды электродты ерітіп құю деп қана түйсіну – қате. Асқан шеберлікті талап ететін мамандық. Одан кейін электрик мамандар да тапшы. Байқағаным, жас мамандардың талабымды ұштасам, шеберлігімді шыңдасам дегенге ұмтылысы төмен. Құрылыс саласындағы мамандық иелері де шығармашылық адамдар секілді үнемі ізденісте болып, өсуге талпынуы керек. Кейінгі толқынның жауапкершілігі жоғары болса екен деймін. Мемлекет басшысының биыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауын қолдаймын. Жылдың төрт мезгілінде де құрылыстың басында жүретін жандардың еңбегі қашанда еленуге тиіс», дейді маман.
Ерлан Халилұлы теміржол құрылысында да қолтаңбасын қалдырды. Тепловоз бен вагондарды жөндеуден өткізетін арнайы орынның құрылысын жүргізу жүктелгенде сенімді ақтай білді. Білікті маманның басқаруымен теміржол деполары да бой көтерді. Көкшетауға барар күре жолдағы айналмалы көпірді де Ерлан Мұстафаев жетекшілік еткен құрылыс компаниясы салды. Щучье – Зеренді бағытындағы көпірді де біздің кейіпкеріміз бастаған білгір мамандар тұрғызды. Оның еңбегі ескерусіз қалмай, жақында «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абай жырлағандай, Ерлан Халилұлы да сөз өнерінен қаражаяу емес, ептеп өлең де жазады. Қолы қалт етсе, ағаштан түрлі бұйымдар да жасайды. Айналасын доспен қалаған жанның азаматтығы, жомарттығы жайында жолдастары толғана айтады.
«Еңбектің наны тәтті» дейміз, ешкімнің ала жібін аттамай, жан баласына қиянат жасамай тапқан табысыңның берекесі мол. Өзіңе сеніп тапсырылған қызметті адал, жауапкершілікпен атқарған дұрыс. Сонда ғана елдің алғысына бөленесің, мәртебең өседі. Адал жүріп, абыройға кенелгенге не жетсін» дейді Е.Мұстафаев.
Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетін тұлғалардың өнегелі өмір жолы насихатталып, бағалануға тиіс. Осы орайда, 40 жылға жуық құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан маманнан өмірден не түйгенін сұрадық.
«Жастарға айтар ақылым, жауапкершілік деген ұғым үнемі жоғары болса екен деймін. Әсіресе құрылыс саласында осы обал мен сауапты ойламаудың ақыры опық жегізеді. Сапасы сын көтермейтін құрылыстың жүргізілуі жауапкершілікті сезінбеудің, аманатқа қиянат жасаудың салдарынан деп пайымдаймын», дейді кәсіби маман. Осы жауапкершілікті сезіне алып жүрміз бе?