Оқиға • 21 Ақпан, 2025

Белгілі жазушы Дулат Исабеков өмірден өтті

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың белгілі жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 82 жастан асқан шағында дүние салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Белгілі жазушы Дулат Исабеков өмірден өтті

фото: Liter.kz

Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды  Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы естіртті.

«Қайран, Дулат ағам - ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он - он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын...Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті.Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын, - деп жазды Қасымхан Бегманов.

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980) болған.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас редакторы (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.