Өшпес даңқ • 25 Ақпан, 2025

«Ана кегі» немесе жан түршігер көрініс хақында

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қанды қырғынға ешқашанда романтика­лық көзқараспен қарауға болмайды. Бірін­ші дүниежүзілік соғысқа қатысты Мария Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ» деген романындағы жас сарбаз Пауль Боймер мен майдандастарының бастан кешкен жайттарын толғанбай, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Екінші дүниежүзілік соғыста дәл сондай оқиғаның біріне Әбдікер Әбілдаев атты қазақ жігіті куәгер болған екен.

«Ана кегі» немесе жан түршігер көрініс хақында

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жеңістің мәңгілік алауының жан­ғанына биыл 80 жыл толды. Десек те, сұм со­ғыстың халықтың басына қандай қара бұлт үйіргенін тілмен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Кей­бір деректерді көзі­ңіз шалғанда тұла бойыңыз түр­шігіп, зұлмат атаулыға еріксіз лағнет жудырасыз.

Мәселен, сондай аянышты көріністі сипаттаған «Ана кегін алудамыз» атты мақала «Социалистік Қазақстан» (қа­зіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің 1943 жылдың 13 маусымындағы №123 санында жарық көріпті. Алақандай мақаланың авторы –  Әбдікер Әбілдаев:

«Шабуылды ұрыстардың кезі. Біз бір селоға кіріп келдік. Немістер бұл кезде селоның батыс жақ шетінде ұрыса отырып, сытылып шығып бара жатыр еді. Минометімізді орнатайық деп шеттегі бір үйдің ауласына кіре беріп мынандай бір аянышты көрі­ніс­ке тап келдік. Үйдің табалдырығын­да қанға боялған бір жас ана өмірінің ақырғы минуттарын азаппен өткі­зіп жатыр екен. Немістер оның омыра­уын кесіп кеткен. 7-8 айлық жас сәби анасының төсін аймалап, құлындай шырқырайды», деп жазады.

Бұл жолдарды оқып отырып, ана мен баланы аяйсың! Мұқағалидың:

«...Қандай ғана анадан туады адам,

Сәбилердің ұйқысын қуалаған?

О, тыныштық! Тыныштық қандай рахат!

Қандай рахат сәбилер жыламаған!» деген өлеңі еріксіз тіліңнің ұшына орала кетеді.

Автор мақаланы «Аздан соң ана көзін ашып, сәбиіне қарады да, содан кейін бетін бізге қарай бұрды. Оның көзқарасында бір түрлі жылы шырай, жақындық сезімі көрінгендей болды. Басын сүйеп, бөбегін тонымызға орап көтеріп отырған бізді көріп, риза­­лық сезім білдірді. Біз мылтығымызды ­бекем қыса түсіп, «сенің кегіңді жібер­мейміз» дедік. Ана күрсініп терең дем алды да, көзін жұмды» деп жалғайды.

Зұлмат соғыстың кесірінен ажал құшқан ана кім? Ана бауырындағы бала қазір өмірде бар ма? «Ананың кегін алудамыз» деп жан сырын газетке жазып отырған автор Әбдікердің кейінгі тағдыры қандай болды? Бірі де белгісіз! 

Біз жоғарыда жазушы Ремаркті мысал еттік қой. Қаламгер майдан шебіне алғаш кірген сарбаздың шалбарын былғап алатынын жазбайтын ба еді? Осылайша, жалған ұраншылдықтан үрей мен қорқыныштың қаншалық алыста жатқанын тәптіштеп түсін­дірмейтін бе еді? Жазушы жастардың соғыстан алған рухани жараларын суреттеп, «жоғалған ұрпақ» түсінігін пайдаланбаушы ма еді?

Сондай «жоғалған ұрпақтардың» басынан қандай қилы тағдыр өткенін терең түйсіну үшін де көне деректерді жаңғыртып қойғанның әбестігі жоқ секілді.