
Сурет: ernur.kz
Батырды еске алу рәсімі Шымкент қаласының Жеңіс саябағындағы генералдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Оған әскери колледж шәкірттері, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев бастаған ардагер ұйымдарының өкілдері, запастағы генерал-майор Болат Жорабаев басқаратын әскери-техникалық мектеп оқушылары қатысты.
Әскери колледж бастығы, полковник Мақсат Ақшалов Сабыр Рахымовтың ерекше еңбегін еске алып өтті. Ол қолбасшының жеңіске қосқан үлесі мен жастар арасында батыр туралы естелікті сақтаудың маңызына тоқталды. Әскери колледж тұңғыш қазақ генералының есімін иеленген жалғыз оқу орны емес екенін, оның құрметіне талай ескерткіш тұрғызылғанын, бүгінде батыр есімімен аталатын көшелер мен әртүрлі білім мекемелері елімізде көп екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде әскери мектептің түлегі, запастағы генерал-майор Болат Жорабаев оқушылар алдында сөз сөйлеп, өзінің әскери саладағы жолы мен ұрпақтар сабақтастығының маңызды рөлі жайында ой толғады. Іс-шара соңында әскери-техникалық мектептің курсанттары мен оқушылары гүл шоқтарымен батыр рухына тағзым етіп, ескерткіштің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.
Сол күнгі мерекелік жиын Сабыр Рахымовтың туған жері Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібелі ауылында жалғасын тапты. Қолбасшы есімімен аталатын орта мектептің акт залында колледж тәрбиеленушілері генералдың өмір жолына арналған әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырды. Концерттік бағдарлама барысында курсанттар әскери-патриоттық әндер шырқап, өздерінің жеке шығармашылықтарынан өлеңдер оқып, Сабыр Рахымовтың жауынгерлік жолының ұмытылмас сәттерін бейнелеген сахналық қойылым көрсетті.
Ендеше, қазақтың батыр ұлының қысқаша өмір жолынан дерек келтірсек, Сабыр Омарұлы Рахымов – әйгілі әскери қолбасшы, қазақ халқы мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал. 1902 жылы бүгінгі Түркістан облысына қарайтын Қазығұрт ауданының Көкібелі ауылында дүниеге келген. 1922 жылы Бакудегі әскери мектепке түсіп, Түркістан әскери округінде алғашқы қызметін бастаған. Басмашылармен болған шайқастардағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста майданға аттанып, мотоатқыштар бөлімдерін басқарған, Белоруссияда, Кавказ бен Ростов облысындағы қорғаныс шайқастарына қатысқан. 1943 жылы жауынгерлік ерлігі үшін оған генерал-майор атағы беріледі. 1944 жылы қазақтың батыр ұлы 37-гвардиялық атқыштар дивизиясын басқарып, Шығыс Пруссия операциясы мен Грауденц бекінісіне (Грудзендз, Польша) шабуыл кезінде ерекше көзге түседі. 1945 жылы наурызда Гданьск маңындағы шайқаста қазақтан шыққан алғашқы генерал ерлікпен қаза табады.
Отанға сіңірген еңбегі мен көрсеткен ерлігі үшін Сабыр Рахымовқа Кеңес Одағының батыры атағы қаза болғаннан кейін 1965 жылы ғана беріледі. Дара тұлғаға деген құрмет қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатыны анық. Ал оның ерлік жолы Отан қорғаушы ұрпақтардың алдында әрдайым үлгі.
Жалпы, Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж – Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне қарасты республикалық мемлекеттік мекемесі. Оқу орны 40 жылдық тарихы бар бұрынғы республикалық «Жас ұлан» мектебінің базасында құрылған. Полковник Мақсат Ақшалов – осы әскери колледждің алғашқы бастығы. Жоғарыда айтқанымыздай әскери мектеп 1984 жылы Шымкентте құрылды. Бастапқыда орыс тілі мен әскери мамандықты тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ретінде шәкірт тәрбиеледі. Кейін 1992 жылы Министрлер кабинетінің қаулысымен мектеп республикалық әскери мектеп болып өзгертілді. 2003 жылы әскери мектеп-интернатқа Кеңес Одағының батыры генерал-майор Сабыр Рахымовтың есімі берілді. 2015 жылы оқу орны Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті.
Осы жылдар ішінде мектеп 4 мыңнан аса түлек тәрбиелеп шығарды. Олардың ішінде 7 генерал, 200-ден аса полковник пен 3 ғылым кандидаты бар. Аталғандардың барлығы қазіргі уақытта Қарулы күштерде немесе басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарында қызмет етеді. Сол азаматтардың ішінен Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровті, Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-майор Дәулет Оспановты, әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Руслан Қоңыровты, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулинді ерекше атап өтуге болады.
ШЫМКЕНТ