Өндіріс • 26 Ақпан, 2025

Жергілікті тауардың үлесі жоғары

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жиһаз өндірісі озық технологияларды енгізуімен ерекшелене бас­тады. Инновациялық материалдар мен смарт технологияларды пайдалану жиһазды бірегей және сұранысқа ие етеді. Бас кеңсесі Алматыда орналасқан «ДСП Центр» кәсіпорны жиһаз өндірісінде смарт технология­ны қолданысқа енгізген компания­лардың алғашқы үштігіне кірген.

Жергілікті тауардың үлесі жоғары

Бас директор Шәкерхан Рүстемнің айтуынша, ішкі нарықта жергілікті өн­дірістің үлесі шамамен 26%-ды құрай­ды, ал 74% болатын импорттық тауар­лар – Ресей, Беларусь, Қытай және Түр­кия­­ның еншісінде. Маманның айтуын­ша, сала­ның кенжелеп қалуының салмақты себе­бі бар: ағаш өңдеу өнер­кәсібі үшін шикізат базасы жоқ. Қажетті материал­дардың 70%-ы шетелден келеді.

«Жиһаз өндірісін бастапқы кезеңде табысты деп айту қиын. Қымбат құрал-жабдықтар сатып алуға қаржы салу қажет. Барлық өндірістік желіні орналастыруға арналған үй-жай керек. Оның көлемі ең аз дегенде 700–1000 шаршы метр болғаны жөн. Егер меншікті ғимарат болмаса, онда тиісті алаңды жалға алу біраз шығынды қажет етеді. Пайда табу үшін тұрақты даму, жиһаз үрдістерін қадағалау, клиенттерге креативті шешімдер мен эксклюзивті дизайн ұсыну маңызды», дейді Шәкерхан Рүстем.

ап

Өндірісті кеңейту үшін компания «Центр КредитБанкіне» өтінім беріп, жылына 21,75%-бен несие алған. Оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды, қалған 8%-ын кәсіпкер төлейді. Несие қаражаты инвестицияға жұмсалған. Компьютермен басқарылатын шетелдік технология қол еңбегін 50%-ға дейін қысқартыпты. Бұл құрыл­­­ғы­лар­дың көмегімен материалдар тегістеледі, пленкамен қапталады, әртүрлі өрнектер салынады. Шәкерхан Рүстем айтып өткендей, бұл жолғы жеңілдетілген несие өндіріске серпін беруге мүмкіндік берді.

«Ішкі нарықта бәсекеге да­йынбыз. Бізде аралас салаларды дамыту маңызды. Қазір плиталық өндірістің бірнеше жобасы жұмыс істеп жатқанын білемін. Сыртқы нарықта танылу үшін ішкі нарықтағы бәсің жоғары болуы керек. Қытай мен Белоруссияда бұл сегменттің дамып кеткені соншалықты, өзіндік ерекшеліктері айқын көрінеді. Ұлттық өнімдері брендке айналдырған. Қытайда өте ірі, жан-жақты әртараптанды­рыл­ған кәсіпорындар жетеді. Ол елде жиһаз құрамындағы отандық шикізат үлесі – 100%: ағашынан бас­тап желіміне дейін. Бізде де соған жақындап келеміз. Ағаш Ресейден келеді, өзгесі өзімізде дайындалады», дейді кейіпкеріміз.

Кез келген өндіріс сияқты жиһаз бизнесі де кадр тапшы­­лы­­­ғын бастан кешіп жатыр. «Адам ресурстары өте қымбат болып барады. Қажетті кадрларды табу қиын, тек барынша автоматтандыру арқылы ғана оны біршама теңестіре аламыз. Бірақ технология дамыған сайын оның тілін меңгерген мамандардың да қажеттілігі сезіледі», дейді кәсіп­кер.

 

АЛМАТЫ