
Сурет: qamshy.kz
Идея жүзеге аспаса, утопия күйінде қалатыны белгілі. Сондықтан мақсатқа жетуде бұқараның, жалпы қоғамның қолдауы, қабылдауы және сол үшін күресуі аса маңызды. Осы тұрғыдан келгенде идеяның орындалуына кедергі жеткілікті. Сол кедергілердің ішіндегі ең бастысы – қоғам психологиясы, мемлекет қызметшілерінің ментальдық тұрғыдан дайындығының әлсіздігі. Әрине, алты жыл ішінде ештеңе өзгермеді, алға ілгерілеу жоқ десек, қателескен болар едік. Осы жылдары елімізде болған ірілі-ұсақты табиғи, техногендік апаттармен күрестегі, халықты әлеуметтік жағынан қорғаудағы іс-қимылдар, саяси салада жүріп жатқан оң демократиялық сипаттағы өзгеріс, жемқорлықпен күрес сияқты мысалдар қоғам мен билік арасындағы диалогтің шынайы көріністері болды деп айтуға толық негіз бола алады.
Жалпы айтқанда, халық үніне құлақ асатын мемлекет – құқықтық мемлекет. Мұның басты құндылықтары ретінде құқық, заң, тәртіп, адам хақы, әділет, демократия, ашықтық, азаматтардың билік ісіне араласуы, жауапкершілік, биліктің халық алдында есеп беруі, икемділігі және өзгерістерге бейімділігін атауға болады. Десек те, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға не кедергі деген сұрақтың төңірегінде ойланып көрелік. Біздің ойымызша, қоғам менталитеті өзгермей ештеңе өзгермейтін тәрізді. Бүгінгі саяси бастаулар мен белсенді іс-әрекеттердің тиімділігі мен нәтижелілігі осы қоғам менталитетінің ахуалына, оның жаңаны қабылдаудағы бейімділігі мен қалыптасқан ұстанымдарына тікелей байланысты болып отырғаны сөзсіз. Сондықтан отандастарымыздың құқықтық менталитетінің ахуалын жан-жақты талдауды жөн көрдік.
Біріншіден, құқықтық менталитет – адамдардың, әлеуметтік топтардың, қоғамның құқыққа, заңға, сотқа, жалпы билікке деген түсініктерінің жиынтығының көрінісі. Адамдар заң мен тәртіпке, әділетке қалай қарайды, заңды қалай қолданады және қалай қабылдайды дегенді білдіреді. Сот саласында әділетсіз шешім қабылдау судьялардың құқықтық менталитетінің деңгейін көрсетеді. Өз кезегінде бұндай жағдай сот билігіне деген халықтың сенімсіздігін арттырады. Керісінше, болған жағдайда сот билігіне қоғам тарапынан сенім күшейеді. Қоғам алдында сот билігінің беделі мен абыройы артады. Сондықтан да құқықтық реформаның тиімділігі мен нәтижелілігі көп жағдайда қоғамның құқықтық менталитетіне тікелей байланысты. Сол сияқты билік басындағы мемлекеттік қызметшілер, тек өз қара басының қамын ойлап, мемлекет, халық мүддесін екінші орынға ысырып, тиімсіз шешімдер қабылдаса, билікке деген сенім азаяды. Қоғам мен билік арасында жатсыну, алшақтау пайда болады. Нәтижесінде, саяси бастамалар орындалмай қағаз жүзінде қалады.
Екіншіден, қоғамның құқықтық менталитеті – кешегі және бүгінгі күні болып жатқан үдерістердің айнасы. Оған кешегі заманда қалыптасқан құқықтық мәдениет, құқықтық нормалар, қоғамдағы ұстанымдар, қалыптасқан құндылықтар әсер етеді. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қоғамның құқықтық менталитеті кеңестік заман қалыптастырған құқықтық ұстанымдардан әлі де болса арылып болған жоқ. Нәтижесінде, құқық бүгінгі мәдениеттің бөлінбес, ажырамас бөлшегі болмай отыр. Сол сияқты заң да өзінің құндылық ретінде сипатынан арылып жатыр. Қоғамда заңды құндылық деп қабылдау әлсіреп барады. Көп жағдайда заң «жазалау құралы» ретінде қаралады. Қысқасы, бұл ұлттық мәдениеттен тысқары дүние ретінде өз бетінше өмір сүріп жатыр. Заң адамдардың мінез-құлқын реттеудің ішкі тетігіне айналмай отыр, адамдардың ішкі сұраныстарын қанағаттандырудан туып отырған жоқ. Көп жағдайда заңдар қоғамға сырттан танылған, жасандылыққа толы құқықтық қатынастарды реттеу құралы күйінде немесе басқа елдердің құқықтық нормаларын көшіріп алудың нәтижесінде пайда болған нормалар ретінде қабылданады. Нәтижесінде, қоғам менталитеті мен құқық арасында алшақтық пайда болды. Мұның барлығы айналып келгенде қоғамның заңды құрметтемеуіне, адамдардың заңмен өмір сүруге ынталы болмауына жол ашады. Бұл жүйенің ұзақ жылғы нәтижесі десе де болады. Сондықтан да құқықтық нормалар мен қабылданатын заң қоғамның мәдени және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып қабылдануы керек.
Үшіншіден, қоғам менталитетінде әділетке деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Оның ең басты тоғысқан жері ұжымдық сана мен жеке сананың, дәстүр мен жаңашылдықтың, құқық пен моральдың, заң мен ардың арасы болып тұр. Бұл тоғысқан жер кейде кейбір заң шығарушылар тарапынан «бос кеңістік» түрінде қабылданып жүр. Қоғам дамуының рухани, мәдени ерекшеліктері мүлде қаперге алынбайтын болды. Мұндай сыңаржақтылық кейде құқықтық қайшылық туғызады. Сондықтан да қоғам дамуының ерекшелігін ескеру құқықтық менталитетті дұрыс қалыптастыруға өз септігін тигізеді.
Қоғамның құқықтық менталитетінің дұрыс дамуына кедергі болып отырған сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлықтың қоғам өмірінің барлық саласын қамтуы құқықтық менталитеттің дұрыс дамымай қалғанын білдіреді. Бұл қоғамдық кесел – әлеуметтік дамудың ажырамас бөлігі, моральдық тұрғыдан соншалықты «жиіркенішті» емес деген тұрақты түсінік қалыптастыруда. Мұндай тұрақты түсінік мемлекет үшін қауіпті, қоғамның моральдық, адамгершілік жағынан ыдырауы мен азғындауының негізі болып қалары айдан анық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әртүрлі, сан алуан жолы бар екені белгілі. Солардың ішіндегі ең өзектісі – заңға бағыну, заңмен өмір сүру мәдениетін қалыптастыру. Өкінішке қарай, қоғамның құқықтық сауатын көтеру, қабылданып жатқан заңдардың ерекшелігін, қажеттілігін қоғамға түсіндіру әлі де жеткіліксіз сияқты. Бұл жұмыста жүйелілік байқалмайды, әзірге науқаншылдық басым болып тұр.
Төртіншіден, құқық пен мораль арасында алшақтық пайда болып отыр. Осының салдарынан, құқық өзінің шынайы реттеуші қызметін әлсіретіп алады. Мұндай жағдай құқықты шамадан тыс абсолюттендіруден, оны шамадан тыс формализациялаудан, тек нормалардың жиынтығына айналдырудан туып отырғанын заңгер ғалымдардың өздері де мойындайды. Мұндай ұстанымды түбегейлі өзгерту – заң ғылымдарының алдында тұрған өзекті мәселе. Бұл цифрлық технология жағдайында ерекше сипатқа ие болады. Өйткені сандық технология қоғам алдында этикамен, қоғамның моральдық нормаларды қатаң сақтаумен байланысты жаңа мәселелер туғызып жатыр. Нақты айтар болсақ, жауапкершілік, жеке бастың деректерін сақтау, қауіпсіздік мәселесі, еркіндік пен жауапкершілік, әлеуметтік тұрақтылық, ұлтаралық татулықты сақтау, т.б. Бұл мәселелер, айналып келгенде, құқық пен мораль арасындағы байланысты дұрыс шешуді күн тәртібіне қойып отыр. Айта кететін жайт, бұл мәселелерді зерттеу мен талдаудың методологиялық негіздері де бүгінгі қоғам дамуының ерекшеліктеріне сай қайта қаралу керек.
Құқықтық менталитет құқықтық шындықты бейнелеумен немесе қабылдаумен шектелмейді. Ол қоғам жүйесінің тиімді дамуына да тікелей әсер етеді. Кейбіреулер құқықтық менталитеттің нашар дамуын заңды сақтамаудан, қандай да болсын мәселені заңсыз жолмен, яғни жеке тамыр-таныс арқылы шешуді қалап тұратын психологиядан көреді. Мұндай көзқарастың әлеуметтік, экономикалық, тарихи себептері де бар екені белгілі. Десек те, бұл мәселені тиімді шешудің бірден-бір көзі – құқықтық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру болып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы кедергілердің бір ұшы қоғамның құқықтық менталитетіне тіреледі. Сондықтан мұны дамыту, жетілдіру, оған ғылыми тұрғыдан талдау жүргізу құқықтық білім беру жүйесін заман талаптарына сай өзгертуді талап ететіні сөзсіз.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор