
Фото: Сенат
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың кездесуге қатысушыларға арналған құттықтауын орынбасары Жақып Асанов жария ете келе, жасанды интеллекті дамыту мен оның этикалық мәселесінің маңызына тоқталды. Ол жасанды интеллект қазірдің өзінде өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын және медицина, білім беру, мемлекеттік басқарумен қоса түрлі салаларға белсенді түрде енгізіліп жатқанын атап өтті.
«Жасанды интеллект қазірдің өзінде біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол әлемнің келбетін өзгертті және медицинадан білім беруге дейінгі негізгі салаларға дендей енді. Сенатта да оны заң шығару үдерісіне енгізу бойынша жұмыс қолға алынды. ЖИ қоғамның қажетін талдай алады, заңдардың салдарын болжай алады, нормативтік актілерді дайындауға көмектеседі. Біз қазірдің өзінде әлемдік тәжірибені зерделеудеміз және сарапшылармен өзара іс-қимылды бастадық. Парламент өзгерістерге ашық және заманауи технологияны енгізуге дайын», деді Сенат Вице-спикері Жақып Асанов.
Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекші сарапшылары, IT-сала мамандары, Сенат депутаттары Дархан Қыдырәлі, Ғалиасқар Сарыбаев, Наурызбай Байқадамов, Алишер Сатвалдиев қатысты.
Сенаттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше қатысушылар воркшоптың топтық сессиялары аясында жасанды интеллекттің даму кезеңдері мен инновацияларын, тілдік үлгілер мен цифрлық лингвистиканы, жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелерін талқылады. Денсаулық сақтауда ЖИ-ді қолдануға, атап айтқанда, озық алгоритмдерді қолдана отырып, медициналық синтетикалық деректерді генерациялауға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, келешекте жасанды интеллекті этикалық реттеу және оның қоғамға әсері туралы айтылды.
2023 жылы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы аясында Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия Бюросының кеңсесі ашылған болатын. Өкілдік содан бері Орталық Азияның бүкіл өңірін қамти отырып белсенді жұмыс істеп келеді.