Пайдалы қазбалар • 27 Ақпан, 2025

Қойнаудағы байлықты қоғам қадағалайды

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы (minerals.e-qazyna.kz) іске қосылды. Онда өтінім беруден аукционға дейін және лицензия беру үдерісі автоматтандырылған. Бұдан былай жеріміздегі қазынаны игерсем дейтін инвестор порталға тікелей кіріп, қалаған сайтты таңдап, аукционға қатысуға өтінім бере алады.

Қойнаудағы байлықты қоғам қадағалайды

«Бірыңғай платформа барлық гео­логиялық ақпаратқа ашық қол жет­кізу­ге мүмкіндік береді. Демек елдегі кез келген азамат аталған платформаға кіріп, халықтың жерасты байлығы қалай игеріліп жатқанын қадағалай алады. Платформада 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Іске қосылғаннан бері 506 өтінім өңделді. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы көмегімен барлауға немесе өндіруге өтінім беруден бастап, оның аукционы мен лицензиясын беруге дейінгі үздіксіз үдеріс жүзеге асырылады», деді вице-министр Жәннат Дүбірова.

Платформада барлық геологиялық есептердің тізілімі, алғашқы кітаптар, соның ішінде реферат, есеп мазмұ­ны, графикалық қосымшалар тізімі, жұмыс нәтижелері, қорытындылар, тұжырымдар, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, тегін онлайн шолу және орындалған жұмыстарды түсіну үшін 60 000-нан астам есеп бар.

Мүдделі аумақ туралы қажетті ақпа­рат­ты алғаннан кейін пайдаланушыға қолда­ныстағы лицензиялар мен келісім­шарттар, бос аумақтар, сондай-ақ аумақта жүргізілген геологиялық-геофизикалық барлау жұмыстары туралы ақпарат беріледі. Нақты қажетті геологиялық мате­риалдарды сатып алу үшін жер қой­науын пайдаланушылар Ұлттық геоло­гиялық қызметтің интернет-ресурсында өтінім береді. Өтінім 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей өңделеді.

Ал бірыңғай мемлекеттік қызметтің интерактивті картасын бөлек атап өткен жөн. Соның арқасында әлеует­ті жер қойнауын пайдаланушылар инфрақұрылымнан бастап геология­лық-геофизикалық есептерге дейін сұрал­ған аумақтың толық бейнесін ала алады. Интерактивті карта жер қой­науын пайдалану үшін алып жатқан барлық аумақты қамтиды. Сондай-ақ аук­ционға қолжетімді аумақтарды орна­ластыруға мүмкіндік береді.

Жүйеде тиімділік пен ашықтықты арттыру мақсатында қатты пайдалы қазбалар бойынша берілген лицен­зиялар мен келісімшарттарға міндеттеменің орындалуын бақылау үдерісі цифрландырылған. Бұрын бұл бақылау қолмен жүзеге асырылатын.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қазір елімізде жаңа көмірсутек кен орындарын ашуға мүмкіндік бар. Геологтер шартты отынның болжамды ресурсы шамамен 76 млрд тонна болатын 15 шөгінді бас­сейн­ді бөліп отыр. Бүгінде мұнай-газ өндіру­дің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Ең ірісі – Каспий маңы. Онда ресурстық базаның шамамен 80%-ы бар.

2026 жылдың соңына дейін 2,2 млн шаршы шақырым аумақта геологиялық-геофизикалық зерттеу жүргізу жоспар­ланған. Осы кезде мұндай зерттеу көлемі 1255,6 мың шаршы шақырымды құрайды.