
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мәжбүрлеп орындату тоқтайды
Әділет министрлігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні пайдалана отырып, цифрлық экожүйені құрумен толық цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар бағытта дамыту жұмысын қолға алған. Әсіресе халық жиі сын айтатын өзекті бағыт – мәжбүрлеп орындату мәселесі. Былтыр 89 мың шағым түскен. Бұл барлық өтініштің 63 пайызын құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.
«Біздің мақсатымыз – азаматтардың осы институтқа сенімін арттыру. Бұл ретте жасанды интеллект мүмкіндігін одан әрі қолданамыз. Робот сот орындаушысы арқылы оңайлатылған іс жүргізуді одан әрі дамыту жалғасады. Робот арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан, 40 айлық есептік көрсеткішке дейін кеңейтуді жоспарладық. Бұл азамат қаржысын үнемдейді. «Цифрлық ассистент» енгізіп, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинетін» жетілдіреміз. Ассистент істің орындалу барысын толық көрсететін болады. Нақтысы, сот орындаушының қабылдаған және қабылдауға тиіс шарасын көрсетеді. Бұдан былай платформада тараптар сот орындаушының әрекетіне қатысты шағымдана алады», деді министр.
Келесі мәселе – атқарушылық жазба жасау механизмін жетілдіру. Мәселені шешуге бағытталған бірқатар жүйелі қадам жасалған. «Е-нотариат» ақпараттық жүйесінде «Тараптардың жеке кабинетін» биометриялық сәйкестендірумен ашуды қамтиды. «Жеке кабинет» арқылы өндіріп алушы мен борышкерге қарсылық беру не берешекті уақтылы төлеу мүмкіндігі жасалады. Жазбаша мәмілелер негізінде атқарушылық жазбаларды автоматты түрде бөлу арқылы өндіріп алушы мен жеке сот орындаушының келісуі жойылады. Аумақтық (борышкердің) қағидасының сақталуы бақыланады. Нотариустардың басқа өңірдің атқарушылық жазбасын жасауына тыйым салынады.
Цифрландыру сенімді күшейтеді
Әділет органдарының цифрлық трансформациясы заң шығару процесінің тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде ведомство мемлекеттік қызметтің 94 түрін көрсетеді, оның 84-і немесе 90%-ы онлайн форматта қолжетімді. Өткен жыл қорытындысында 14 млн-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетілді, соның 88%-ы электрондық форматта болған.
«Цифрлық трансформация шеңберінде 61 ең танымал бизнес-процеске реинжиниринг жүргізілді. Соның арқасында сот шешімдерін орындаумен, заңгерлік кеңес беру мен сараптама жүргізуге қатысты үдерістерді жаңғыртуға мүмкіндік туды. Жалпы, жүргізілген реинжиниринг қорытындысында тиімділіктің 54%-ға артуы ықтимал. Биыл жыл соңына дейін тағы 31 бизнес-процестің реинжинирингін өткізу жоспарланған», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бұрын сенімхат алу үшін нотариустың жеке қатысуы қажет болатын. Сондай-ақ үдеріс қағаз жүзінде іске асқандықтан құжатты жоғалту мен қолдан жасау қаупі бар еді. Енді бәрін онлайн форматта бейне қоңырау шалу арқылы жасауға болады. Қазір атқарушы жазба рәсімін жүзеге асыруға қатысты бизнес-процесті цифрландыру басталған. 2022–2023 жылдары 2 млн-нан астам жағдай тіркелген. Бұрын жазбаны автоматты түрде тексеру болмаған. Осы үдеріс реинжинирингінен кейін жазуды бөлу автоматтандырылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады. Оған қоса, тараптар eGov және SMS арқылы уақтылы хабарлама алады.
«Әділет саласында бірқатар инновациялық жоба сәтті жүзеге асырылды. Ол жобалар 30 млрд теңгеден астам табыс тауып, жүздеген жұмыс орнын ашты. Құжат айналымы саласында инновациялық шешімдер енгізумен айналысатын кейбір компания өкілдерін шақырдық. Бірінші стартап, бұл SMS және басқа тексеру әдістері арқылы келісімшарт жасауға көмектесетін Trust Me. Стартап жыл сайын Draper University-мен бірлесіп жүзеге асыратын АҚШ-тағы Hero training акселерациялық бағдарламасына қатысты. Сөйтіп, стартап жақында әйгілі американдық венчурлық инвестор Тим Дрейперден 1 млн доллар көлемінде инвестиция тартты. Ол Tesla, SpaceX, Skype, Baidu сияқты ірі компанияларға инвестиция салған. Осылай IT-компанияларымыз ірі шетелдік инвесторлардың назарын аударуды жалғастырып жатыр», деді Ж.Мәдиев.
Тағы бір басым бағыт – әділет саласында жасанды интеллектіні қолдану. Заң индустриясының көлемі айтарлықтай әлеуетке ие. Кей болжамға сәйкес 2030 жылға қарай аталған индустрия көлемі 3,9 млрд АҚШ долларын құрамақшы.
«Осы үрдіске сүйеніп, саладағы жобаларды іске асыруға кірістік. Бүгінде заңнаманы талдауға және заң шығару үдерісін автоматтандыруға арналған QazaqLaw жасанды интеллект агенті жұмыс істейді. Агент GhatGpt негізінде жасалды, бірақ кейіннен оны қосымша оқытып, жетілдірдік. Оны цифрлық трансформацияға көмекші ретінде қолданамыз. Агент мемлекеттік органдар үшін ақпараттық жүйелерді құру процесін жеделдету бойынша ұсынымдар қалыптастыруға көмектесті. Осылайша, жасанды интеллект интеграциясы әділет жүйесін одан әрі жетілдірудің қуатты құралы болатынына сенімдіміз. Баршаны сілтеме бойынша өтуге және заңнаманы зерттеу үшін жасанды интеллект агентін пайдалануға шақырамыз.
Халыққа заңгерлік көмек көрсетудің қажеттігі
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық салада цифрландырудың біртұтас жүйесін құру қажет екенін атап көрсетті. Әділет органдарын дамыту мен цифрландыру мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған аса маңызды үдеріс екенін Премьер-министр қадап айтты.
«Жасанды интеллектіні дамыту алғы қатарға шықты. Бұл – бюрократиядан арылтудың негізгі әдістерінің бірі. Сондықтан көрсетілетін қызметтің жеделдігін, қолжетімдігі мен сапасын арттыру үшін цифрлық технологияның әлеуетін түгел пайдалану қажет. Ең алдымен, халыққа заңгерлік көмек көрсетуге ерекше назар аударған жөн», деді О.Бектенов.
Ол үшін Сот орындаушысының роботы арқылы оңайлатылған өндірісті дамыту жалғасып жатыр. Робот іске қосылған өткен жылдың тамыз айынан бері 125 мыңнан аса құжат орындалды. Ал рәсімдерден өту кезінде азаматтар 600 млн теңгеден аса қаражат үнемдеген.
«Осыған байланысты Робот әлеуетін кеңейту мен жалпы цифрландыруға баса назар аудару керек. Келесі мәселе – нотариат саласын дамыту. Атқарушылық жазба жасау тетігін жетілдіру жеке мен заңды тұлғаның құқығын қорғау шарасының тиімділігін арттыру үшін қажетті қадам болып табылады. Құқық қолдану мәселесі және өтініш пен шағымның өсуі бұл салада жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Осыған байланысты Әділет министрлігі ұсынылған тәсілдерді, оның ішінде заңнамаға түзетулер енгізу арқылы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Бұл «Е-нотариат» жүйесінде жеке кабинет ашуға, атқарушылық жазбаны борышкердің тіркелген жері бойынша ғана жасауға, оларды нотариустар арасында автоматты түрде бөлуге қатысты болып отыр», деді Үкімет басшысы.
Заң шығару қызметінің сапасын жақсарту мен оны жоспарлау жұмысын жалғастыру қажет. Оны мемлекеттік органдар болжамды-талдау жұмыстарын күшейту есебінен тұрақты негізде жүргізуге тиіс. Әділет министрлігі заң шығару қызметіне қатаң мониторинг жасап, оны үйлестіруді және бақылауды қамтамасыз етеді.
«Цифрландыру мен бюрократиядан арылту бойынша ұсынылған тәсілдерді басқа мемлекеттік органдардың жұмысында да пайдалану керек. Бұл іске кәсіби қауымдастықтарды, IT-компаниялар мен сарапшыларды да белсенді тарту қажет. Сондай-ақ мына мәселелерге де назар аударғым келеді», деген Үкімет басшысы бірқатар мәселені атап өтті.
Бірінші, оңайлатылған іс жүргізуді қолдану сот актілерін орындаудың тиімділігін арттырады. Бұл жүйе айыппұл төлеу мен салық берешектерін өндіріп алуға қатысты істерді автоматты режімде ойдағыдай атқарып жүр. Енді Әділет министрлігі атқару құжаттарының оңайлатылған тәртіппен орындауға болатын тізбесін кеңейтуге көшуі керек.
Екінші, біліктілікке, азаматтыққа қойылатын талаптар, қызметтің бірыңғай стандартын белгілеу бөлігінде заң консультантының қызметі бойынша сұрақтар бар. Осы салада қолданылып жүрген реттеушілік саясатты қайта қарау жұмыстарын жеделдеткен жөн. Заңнаманы жетілдіру бойынша келісілген ұсыныс пысықталып, бірінші жартыжылдықтың соңына дейін Үкіметке енгізілуге тиіс.
Үшінші, құқықтық ағарту, заң саласында цифрлық технологиялардың қолданылу аясын кеңейту тәсілдері жетілдіруді талап етеді. Әрбір азаматтың қажетті құқықтық ақпаратқа қолжетімділігі қамтамасыз етілуі ләзім. Сондай-ақ ол барынша түсінікті форматта ұсынылуы шарт.
«Әділет», Эталондық бақылау банкі, «E-ZanKomegi» және «eOtinish» ақпараттық жүйелерін одан әрі дамытып, жаңғырту керек. «E-ZanKomegi» жүйесінде қазірдің өзінде 2 мыңға жуық адвокат пен заң консультанты тіркелген. Бұл жүйеде азаматтарға тәулік бойы құқықтық қолдау көрсететін бейнеконсультация жұмыс істейді. Консультация беру ісін автоматтандыру үшін чат-бот енгізуді жеделдеткен дұрыс.
«Жалпы, Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізе отырып, өз қызметін жетілдіру, ІТ-саласындағы тәжірибелі мамандарды тарту, бюрократиядан арылту және бизнес-процестерді реинжинирингтеу жұмыстарын жалғастыруы қажет», деп түйіндеді Премьер-министр.