Оқиға • 27 Ақпан, 2025

Алматы облысында бір айда үш барымташылар тобы ұсталды

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылдың ақпан айында ғана Алматы облысының полицейлері бірнеше мал ұрлығына қатысы бар үш қылмыстық топты ұстады. Жедел шаралардың нәтижесінде 10 адам анықталып, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп жазады Egemen.kz.

Алматы облысында бір айда үш барымташылар тобы ұсталды

«Соңғы операция 22 ақпанда болды. Полицияға Ұзынағаш ауылының тұрғыны қорасынан бес жылқының ұрланғаны туралы арызданды. Келтірілген шығын 5 миллион теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 32 және 34 жастағы екі күдікті ұсталды. Олар қамауға алынып, ұрланған мал иесіне қайтарылды»,  деп хабарлады полицияда.

Сонымен қатар, Кеген ауданында сериялық жылқы ұрысы құрықталды. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Мәліметтерге сәйкес, ол тоғыз бас малды ұрлап, оны үшінші тұлғаларға қайта сатқан. Сатып алушылар осы деректі растағаннан кейін, күдікті өз кінәсін мойындады. Жалпы шығын 4 миллион теңгеден асты.

Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері Жамбыл ауданының аумағында  мал ұрыларының үш тобы жойылып, олар жасаған 20 эпизод дәлелденген. Аталған қылмыстың нәтижесінде 460 бас мал қолды болған.

аа

«Біздің қызметкерлердің жедел жұмысының арқасында күдіктілер сатып үлгермеген мал тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қайтарылған малдың жалпы құны 13 миллион теңгеден асты»,  деп толықтырды ведомствода.

Құқық қорғау органдары шаруа қожалықтарының иелеріне өз мүлкін қорғау үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қолданудың маңыздылығын ескертеді. Полиция азаматтарды күдікті адамдар мен мал ұрлығы туралы оқиғаны дереу хабарлауға шақырады. Есіңізде болсын, құқық қорғау органдарына уақтылы жүгіну қылмыстың «ізін суытпай» ашылу және ұрланған мүлікті иелеріне қайтару мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.