
Фото: ашық дереккөз
Әуелде көне түрік тілінде алғыс сөзі «алқыш» деп аталып, бүгінгідей мадақтау, ізгі тілек айту мағынасында жұмсалған. Бірақ ол қарапайым екі аяқты пенделерге айтыла бермеген. Оны ислам дінін қабылдамаған жұрттың фольклорынан анық аңғаруға болады. Мысалы «алқыш» алтайлықтарда құдіретке жүгіну мазмұнын үстесе, сахаларда әртүрлі рух иелерін ұлықтау, қошеметтеу деген мағынада қолданылады.
Фольклорист ғалым Сейіт Қасқабасов осынау алғыс, қарғыс, арбау, жалбарыну сияқты магиялық қызмет атқарған фольклор үлгілері қоғамның даму барысында түрленіп, бірте-бірте жаңа сипатқа ие болғанын жазады.
Айталық, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегіндегі исламға қатысты ұғымдардың басым көпшілігі түрікше терминдермен берілген. Онда Алланы «Ие», құранды «бітік», пайғамбарды «йалауаш» деп атайды. Қашқари «Йалауашқа алқыш бергіл» тіркесін «Мұхаммедке салауат айт» деген мәнде тарқатады.
Бұл деректерден алғыстың ризашылықты жеткізу формасы ғана емес, оның сакральді мәнге ие тұтас құндылық екенін түсінеміз.
Енді алғыс айту құбылысының әлеуметтік-философиялық қырларына шолу жасап көрелік. Ерте дәуірдің ерен ойшылдары алғыс ұғымына ерекше мәнмен қараған. Сенеканың пікірінше, алғыс – рухты пенделік деңгейден көтеріп, исі адамзатпен біріктіретін құрал. Цицерон күллі ізгі қарекеттің анасы – алғыс деп білген. Аристотетель де алғыстың жоғарғы құндылық екенін мойындағынымен, бірақ оның «сен – маған, мен – саған» деген екіұдайлық теориясына негізделетінін астын сызып айтады. Беруші мен алушының арасында қоғамдық қарым-қатынасты тудыратын көрінбейтін байланыс барын жеткізеді. Бұл ойды ағылшын философы Томас Гоббс те жалғастырып әкетеді. Ол алғысты бейнебір қызмет көрсету үлгісі ретінде түсінген.
Осы орайда қазақ халқының алғыс туралы түсінігі мен жоғарыдағы екі ойшылдың түсінігі арасында едәуір айырмашылық барын аңғарамыз. Асылында алғыс – қызмет көрсету үлгісі емес, оның нәтижесі. Ол қандай нәтиже? Қолмен ұстап болмайтын, бірақ көңілмен түйсінетін, жанға жарық құятын рухани нәтиже. Ұлттық тәрбиеде алғыстан яки батадан үлкен нәрсе жоқ. Алғысын айтып, батасын берген адамнан дүниелік нәрсе дәме ету – әдепсіздік болып саналған. Халқымыздың «Алтын алма, алғыс» деп келетін мәтелінен алғыстың сакральдік мәнін байқауға болады.
Философ Жан-жак Руссо «Алғыс айту — бұл өтелуі тиіс борыш, бірақ оны ешкім күтуге құқылы емес» дейді. Бүгінгі қоғамға керек сөз. Мұсылман пейіштегі рахатқа қол жеткізу үшін ғана бауырына қол ұшын созбаса, бай-бағландар атымтай жомарт атану үшін ғана жоқ-жітікті жарылқамаса «бір кем дүниенің» кетігі толар ма еді, кім білсін?..
Түптеп келгенде алғыс айту адамға оның жай ғана бар болғаны үшін ештеңені дәме етпей риясыз ризашылқ білдіру. Оған деген айнадай көңіліңді көрсету. Ол үшін тілеулес, дұғадар болу.