
Фото: gov.kz
Жақында ауыл тұрғындарының өрістегі жылқылары ұрланған. Мәселен, 24 ақпанға қараған түнде КамАЗ көлігі Махамбет ауданының аумағында тоқтатылып, одан 15 жылқы түсірілген.
«Атырау қаласының маңындағы мал базарынан менің иелігімдегі 6 жылқының терісі табылды. Терідегі таңбадан өзімнің жылқыларым екенін таныдым», дейді тұрғынның бірі.
Тағы бір тұрғынның 19 сиыры 2019 жылы ұрланған. Содан әлі табылмаған. Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подколковнигі Абай Жұмабаевтың айтуына қарағанда, 28 жылқыны ұрлаған күдікті ұсталған.
«Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде Махамбет ауданының аумағында 28 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен 45 жастағы ер адамды ұстады. Қазір күдікті қамауға алынды. Ірі көлемде мал ұрлығы дерегімен қылмыстық іс тіркелді. Кешенді тергеу амалдары басталды. Қылмысқа қатысты барлық дерек пен мән-жай тексеріліп жатыр. Айғақ заттар тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», деп мәлімдеді Абай Жұмабаев.