
Фото: baq.kz
Бұл карта шетелде тұратын қандастарымыздың елімізге кіріп-шығу мәселесін жеңілдетеді. Осы уақыт аралығында өзге елдің азаматтығы бар этникалық қазақтарға 65 карта берілген. Аталған карта 10 жылға жарамды.
Былтыр Ақмола облысы бойынша 853 отбасына қандас мәртебесі берілді. Соның 554-і Қытайдан қоныс аударған. Ал өңірлік квотаға келсек, өткен жылы 535 қандас қабылданды. Қандастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да зор.
«Өткен жылы 510 қандасқа немесе 176 отбасына 133 миллион теңге көлемінде қаражат төленді. Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу үшін 20 отбасына 8 миллион теңге бөлінді. Экономикалық ұтқырлық сертификатына 390 миллион теңге қарастырылды. Биыл жоспар бойынша 285 адамға қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы бөлініп отыр. Олардың көшіп-қонуына 32 миллион теңге субсидия қарастырылған. Бастапқыда 30 отбасына тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге 15,7 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. 76 адамға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілмек. Оған 360 миллион теңге қарастырылған», дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина.
Өткен жылы Қытай Халық Республикасынан Қосшы қаласына келген Қахан Мамила қонақ үй салу мақсатында кәсіпкер ретінде «Ата Жолы» картасын алған. Ал тарихи отанына 2023 жылы қазанның 10-да келген Қойшы Комонос мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке риза екенін айтады.
«Квота алдық, басымызға баспана берді. Бір үйде бес жан тұрамыз. Немерем әлі кішкентай. Екі балам жұмыста. Өзіміз зейнеткерміз», дейді ол.
Ережеге сәйкес карта үш санаттағы шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін беріледі. Үміткер Қазақстанда талап етілетін кәсіптерге сай мамандыққа ие болуы қажет. «Ата жолы» картасын ұсынуға өтінішті «Құтты мекен» мобильді қосымшасы немесе migration.enbek.kz көші-қон ресурстары порталы арқылы беруге болады.