
KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турлов пен KazChess/ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова жас әлем чемпиондары Аланна Берікқызы мен Марк Смирновты және олардың ата-аналарын құттықтады
– Гүлмира Бекзатқызы, сұхбатымызды шахматшыларымыздың былтырғы жетістігінен бастасақ.
– Бәрі де салыстырғанда көрінеді деген сөз бар емес пе. 2023 жылдың қаңтарында қоғамдық ұйымның кезектен тыс съезінде Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) жаңа президенті болып «Freedom Holding Corp.» басшысы Тимур Турлов сайланды. Бұл шешім көп ұзамай нәтижесін бере бастады. 2023 жылдың өзінде Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Азияның шахмат федерациясының (ACF) қамқорлығымен өтетін ресми жарыстарда еліміздің шахматшылары 116 медаль жеңіп алса, былтыр – 160, соның ішінде 55 алтын, 54 күміс және 51 қола медальды қанжығасына байлады. Оның ішінде Будапешт қаласында өткен 45-Шахмат олимпиадасында ІІ орынды иеленген еліміздің әйелдер құрамасының (Бибісара Асаубаева, Меруерт Қамалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман мен Әмина Қайырбекова, бас жаттықтырушы – Павел Коцур, жаттықтырушы – Александр Моисеенко) жетістігін ерекше атап өткен жөн.
Үндістанның Гандинагар қаласында өткен жарыста Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионы атанды. 39 елден келген 122 қарсыласының 13-інде гроссмейстер атағы бар болатын. Бірақ біздің шахматшымыз 6 партияда жеңіске жетіп, ал 5 партияны тең ойынмен аяқтап, бірде-бір рет жеңілген жоқ. Осылайша, ол алтын медальды иемденіп, гроссмейстер атағына ие болды.
Жасөспірім ұл-қыздарымыз Аланна Берікқызы мен Марк Смирнов (классика), Алиша Бисалиева (рапид), Елназ Қалиахмет пен Даниял Сәпенов (блиц) әлем чемпионаттарында алтын медаль олжалады. Биыл да шахматшыларымыз одан да зор жетістіктерге жетіп, бізді әлі талай қуантатынына сенімдімін.
– Кейінгі жылдары еліміз әлемдік шахмат ордасына айналғандай әсер қалдырады. 2023 жылы Астанада әлем чемпионы атағы үшін өткен матчты айтпағанда, былтыр да, биыл да елімізде бірнеше ауқымды турнир ұйымдастырылды. Биыл Астанада блиц пен рапидтен командалық әлем чемпионаты жалауын желбіретті. Мұндай жаһандық сайыстарды өткізу зияткерлік ойынның ел ішінде өркен жаюына серпін бере ме?
KazChess/ҚШФ – ынтымағы жарасқан ұжым. Біріксек алынбайтын қамал жоқ
– Бұл іс-шараларды тілге тиек еткеніңіз өте орынды. Бүкіл ғаламшардың назарын өзіне аударған классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын алуға арналған матч елімізде алғаш рет өтті. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық додаға қатысқан Дин Лижэнь мен Ян Непомнящий сынды шахмат алыптарына құрмет көрсетіп, Ақордада қабылдады. Қабылдауда Президент осынау зияткерлік спортты қаншалықты бағалайтынын көрсетті.
Рапид пен блицтен 2024 жылғы командалық әлем чемпионатында шахмат жұлдыздары Астанада бас қосты. Саңлақтар арасында бірнеше дүркін әлем чемпиондары, ерлер мен әйелдер рейтингілерінің көшбасшылары Магнус Карлсен мен Хоу Ифань, сондай-ақ сол кездегі әлем чемпиондары Цзюй Вэньцзюнь мен Дин Лижэнь болды.
Ал Алматыда жастар арасында ХХVI Азия чемпионатына қатысқан 650-ге жуық спортшының арасынан алдағы уақытта шахмат жұлдыздарының шығатыны шүбәсіз. Бұл дода Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Жас шахматшыларымыз 25 медаль, соның ішінде 12 алтын медальды қанжығасына байлап, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Былтыр Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Шымкентте әйгілі шетелдік гроссмейстерлердің қатысуымен әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-при кезеңін, үш швейцариялық жарысты, сондай-ақ Қазақстан кубогі аясында нокаут жүйесі бойынша финалды, гроссмейстер мен халықаралық шебер нормасы орындалатын он жаһандық турнир өткіздік. Осынау доданың барлығын ҚШФ филиалдары жергілікті әкімдіктердің қолдауымен әр өңірде: Ақтөбе мен Қостанай, Талдықорған мен Қаскелең, Қарағанды мен Көкшетау, Шымкент пен Қызылорда, Өскемен мен Павлодарда өткізгенінің маңызы зор. Себебі елде шахматқа деген қызығушылық күшейіп, зияткерлік ойынды үйренуге ықылас танытатын балалар мен ересектердің саны артады.
– Биылғы жыл да сәтті басталып, шахматшыларымыз әлемдік додалардан олжалы оралды. Мажарстанда өткен шахмат Олимпиадасында әйелдер құрамасы күміс медаль еншіледі. Бұрын-соңды мұндай жеңіс бұйырмаған еді бізге.
– Өте дұрыс айтасыз. Бұған дейін әйелдер құрамасының шахмат олимпиадасында көрсеткен ең жақсы нәтижесі – 2014 жылы өзім де қатысқан Норвегияның Тромсё қаласындағы жарыста 6-орын, 2022 жылы Үндістанның Ченнай қаласында 5-орын болатын. Ал енді жастарымыздың құрамасы (команда мүшелерінің орташа жасы – 18,5 жас) күміс медаль жеңіп алды. Мен оны алтын жалатқан күміс дер едім, өйткені мәреге екі тур қалғанда қыздарымыз көш бастап келе жатты…
Келесі Олимпиадаға дейін уақыт бар. Бұған қоса KazChess (ҚШФ) танымал талантты шахматшыларымызға, (қыздарға, балаларға да) грант бөліп, қолдау бағдарламасын іске асырып келеді. Оның шеңберінде жыл сайын әр құрама мүшесіне 30 млн, 15 млн және 5 млн теңгеден бөлінеді, соның арқасында олардың кәсіби тұрғыда өсуі, соның ішінде халықаралық жиындарға баруы, кәсіпқой жаттықтырушылардан сабақ алуы, беделді турнирлерге қатысуы үшін бірегей жағдай жасалған.
– Былтыр мақтаулы өрендеріміз Бразилияда өткен жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионатынан 3 күміс, 1 қола медальмен оралды. Жастардың аяқ алысы қалай?
– Қазіргі кезде жасөспірімдердің әлем чемпионаттары үш жас санаты бойынша өткізіледі, бұл: 8, 10 және 12 жасқа дейінгілер – кадеттер, 14, 16-18 жасқа дейінгілер – бозбалалар және 20 жасқа дейінгі ойыншылар – жастар додасы. Соңғысы былтыр маусым айының басында Гандинагарда (Үндістан) өтті. Онда Қазыбек Нөгербек чемпион атанды. Ал алғашқы екі жарыс қараша айында Флорианополис (Бразилия) және Монтесильвано (Италия) қалаларында өтті: онда 10 жасар Аланна Берікқызы және 12 жасар Марк Смирнов бірінші орындарға шықты. Жиынтығында біздің балалар 8 медальды қанжығасына байлады – бұл рекордтық жетістік (бұған дейін жасөспірімдеріміз 2022 жылы 6 медаль жеңіп алған). Осыған орай ерекше атап өтетіні, командалық есепте жастарымыз шахмат әлемінде мойындалған Үндістан мен Қытай сияқты алыптардан озды.
KazChess/ҚШФ Президенті Тимур Турлов, KazChess/ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов және KazChess/ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова Алматыда өткен жастардың 26-шы Азия чемпионатына қатысушылардың арасында
Бірақ әңгіме медаль санында да емес. Ең бастысы, бұл жетістіктің барлығы жас шахматшыларымызды шабыттандырады, жалықпай оқып-үйреніп, жаттығып, шыдамдылық танытқан жағдайда олардың әрқайсысы үлкен спорт шебері бола алатынын көрсетеді. Осыған орай айта кететіні, 2023 жылы KazChess (ҚШФ) президенті Тимур Турловтың «Freedom Broker» инвестициялық компаниясының демеушілік қолдауымен еліміздің 8-16 жас аралығындағы үздік шахматшыларына арналған жас таланттарды қолдау бағдарламасын іске асыруға кірісті.
Қазіргі таңда еліміздің балалар мен жасөспірімдер құрамасының 45 мүшесіне алтын, күміс, қола деп аталатын үш пакет бойынша тегін демеушілік қолдау көрсетіледі. Пакеттің түріне қарай жас шахматшыларға ай сайын ақшалай төлем жасалып (100 000 теңге), қуатты ойын ноутбуктары табыс етіледі. Сондай-ақ бұған ваучерлік жүйе бойынша жаттықтырушылардың сабақтарына (топтық және жеке-жеке), оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық және республикалық турнирлерге қатысу, физикалық және психологиялық дайындық, шахмат бағдарламалары мен шахмат әдебиеті, яғни, жоғары деңгейдегі аса шебер шахматшыларды даярлауға қажеттінің бәрі қамтылған.
Жас таланттарды қолдау бағдарламасы шеңберінде демеушілік көмек алатын балалар әр жылдың қорытындысы бойынша анықталады. Ұпай саны Қазақстан, әлем, Азия және Батыс Азия чемпионаттарында уақыт бақылаудың барлық нұсқасы – классика, рапид және блиц бойынша жарысқа қатысқаны үшін, сондай-ақ белгілі бір рейтингке қол жеткізгені үшін есептеліп беріледі.
– Қазақстан шахмат федерациясы мектептерде осы ойынды үйретуді, дамытуды қолға алды. Бұл шаруа қалай жүзеге асырылып келеді?
– Мемлекет басшысының қолдауымен, ел Үкіметінің 2023 жылғы 14 шілдедегі №576 қаулысымен «Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» деп аталатын бірегей құжат бекітілді. Оның «Күтілетін нәтиже» деген бөлімінде ең алдымен «Бастауыш сынып оқушыларының 20% үлесін шахматпен қамту (2024 жылы – 5% – 350 мектеп; 2025 жылы – 10% – 700 мектеп; 2026 жылы – 15% – 1050 мектеп; 2027 жылы – 20% – 1400 мектеп)» деп көрсетілген.
«Білім берудегі шахмат» жобасын KazChess (ҚШФ) Оқу-ағарту министрлігімен, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе іске асырып жатыр. Қазіргі кезде еліміздің 550 мектебінде біз әзірлеген және барлық деңгейде келісілген білім беру бағдарламасы бойынша 1 мен 4-сыныпта оқитын 20 мыңнан астам бала шахмат үйреніп жүр. Сабақты 797 мұғалім өткізеді. Кешенді жоспарда көрсетілген күтілетін міндеттің мерзімінен бұрын артығымен орындалатынына сенімдіміз.
– Тамыз айында еліміз бен әлемнің білім беру саласының үздік сарапшылары, Халықаралық шахмат федерациясының өкілдері жиналған «Білім берудегі шахмат» халықаралық конференциясы өтті. Ауқымды шарада қандай түйткілдің түйіні шешіліп, нендей жоспар түзілді?
– 2023 жылдың сәуір айында біз шахматты үйрету мәселелері бойынша тұңғыш конференцияны өткізіп, оған шақырылған бірнеше елдің сарапшылары тәжірибелерін бөлісті. Содан соң 21-22 тамызда Астанада «Білім берудегі шахмат» атты ІІ халықаралық конференция да нәтижелі өтті. Жиында талқыланған негізгі тақырыптарға келсек, бұл – XXI ғасыр адамының білік-құзыретіне шахмат білімінің тигізетін әсері айтылды. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект заманында білім саласының дамуы, шахматты мектептерге енгізудің қиындығы мен оны талдаудың өзектілігі сынды мәселелер қамтылды. Айта кететіні, ФИДЕ ұйымының «Chess in education» комиссиясының жоғары лауазымды қызметкерлері Джерри Нэш (АҚШ), Рита Аткинс (Мажарстан) және Леончо Гарсия (Испания), сондай-ақ Испания, Түркия, Армения мен басқа елдердің әлемдік деңгейдегі сарапшы мамандар өз ойларын бөлісіп, ортаға салды.
– 2025 жыл да сәтімен басталды. Ең алдымен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
– Расында да, 15-25 қаңтар аралығында Алматыда шахматтан 6-18 жас аралығындағы ойыншылар қатысқан 7 жас санатында 2025 жылғы ел чемпионаты өтті. Еліміздің барлық 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан келген 1000-ға жуық қатысушы уақытты бақылаудың барлық нұсқасы – стандартты (классикалық), жылдам (рапид) және шапшаң (блиц) шахмат бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды. Осы дода барысында әр жас санатында аса дарынды балаларымыздың бар екеніне тағы да көзіміз жетті. Сондықтан федерацияның міндеті – еліміздің даңқын асқақтату үшін шахматтың шыңына жету жолында оларға қолдау көрсету.
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Азия шахмат федерациясының (ACF) барлық санаттар – жасөспірімдер (7 жастан 20 жасқа дейінгілер), ересектер, сеньорлар (50 жастан асқан) және әуесқойлар (рейтингі 2300 Эло тармағынан жоғары емес ойыншылар) үшін ресми халықаралық жарыстардың жақсы құрылымдалған жүйесін құрғанын айта кету керек. Міне, осы іс-шараның барлығында біздің шахматшылар мен құрамаларымыз медаль үшін жарысқа түседі.
– Шахмат федерациясы әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөліп, бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Келешекте те мұндай игі бастама жалғасын таба ма?
– Әрине, біз федерацияның ел ішіндегі, сол сияқты халықаралық алаңдағы әлеуметтік жауапкершілігінің өте маңызды екенін түсінеміз.
Былтыр Сенаттың көп сатылы ашық кубогін өткіздік. Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының барлық шақырылым депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің арасынан шыққан 2000-ға жуық шахматшы қатысты. Қатарынан екінші жыл Ішкі істер министрінің кубогін алуға республикалық шахмат турнирі ұйымдастырылып жүр. Оған дайындық аясында тәртіп сақшыларына арнап шахматтан жүйелі оқу-жаттығу және аймақтық ішкі істер департаменттерінің әртүрлі қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері арасында іріктеу додалары өтеді. KazChess (ҚШФ) Сыртқы істер министрінің қолдауымен ұйымдастырып жүрген «Diplomatic Chess Cup 2024» – дипломатия қызметінің қызметкерлеріне арналған шахмат турнирі дәстүрге айналады. «Қос елорданың 2024 жылғы кубогі» – БАҚ қызметкерлері мен блогерлер бетпе-бет және онлайн қатысқан шахмат турнирі қызықты форматымен есте қалды.
Халықаралық жобаларға келсек, KazChess (ҚШФ) өткен жылдан бері «Freedom Holding Corp.» корпорациясының қаржылық қолдауымен ФИДЕ және ACF ұйымымен серіктестікте іске асырып жатқан «Freedom Asian Chess Initiatives» іс-шарасын ерекше атап өткен жөн. Бұл жоба шахмат ойнау әлі жеткілікті дамымаған Камбоджа, Непал, Оман, Тәжікстан, Шри-Ланка сияқты Азия елдеріне бірегей біліміміз бен машығымызды оңтайлы үйрете алатынымызды көрсетті. Осы елдерге барған Қазақстанның жаттықтырушылары балалар-жасөспірімдер мен ересектер құрамаларының мүшелерімен сабақ, жаттықтырушыларға арналған оқу семинарларын және әуесқойлармен бір мезгілдегі ойын сеанстарын өткізді. Одан кейін сабақ онлайн режімінде жалғасты. Олардың атқарған жұмысы үшін осы елдердің федерациялары да, ФИДЕ де алғысын білдірді.
Сөзімді қорыта келе, әріптестерімнің еңбегін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта KazChess (ҚШФ)-ның Астана мен Алматы қалаларында орталық кеңселері, барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда филиалдары жұмыс істейді. Бұл – жарыс пен іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу, операциялық қызмет, қаржы, логистика, маркетинг пен пиарға қатысты барлық салада жоғары білігі бар мамандардың үлкен командасы. Бірақ ең бастысы, олар – ынтымағы жарасқан пікірлестер ұжымы екенін дәлелдеп келеді.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»