Тарих • 28 Ақпан, 2025

Ақмешіт астана болғанда...

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына ғасыр толып отыр. 1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталып, оның барысында ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылып, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Уездік қалалық атқару комитеті осы жылдың 30 мамырындағы барлық мемлекеттік мекемелер, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын ай көлемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеген қаулысы дария жағалауындағы қаланы ел байтағына айналдыру шараларын жеделдете түсті.

Ақмешіт астана болғанда...

Жыл аясында мерейтой рес­публика көлемінде жоғары деңгейде атап өтіледі. Оның аясында имидждік өнімдер шығару, республикалық ғылыми-танымдық конференция мен аламан айтыс өткізу, «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» кітабын шығару ойластырылыпты. Астана болған Ақмешітте еңбек еткен талай ұлт зиялыларының тұрған үйлеріне, солардың орнына бой көтерген ғимараттарда ескерткіш тақта тұр. Жүз­жылдық аясында Алаш қайраткерлері мекен еткен орындарды да осылайша ерекшелендіру жоспарланып отыр. Жүз­жылдық қарсаңында құрылған жұмысшы топтың отырысында айтылған басқа да ұсыныстар қолдау табады. 

Қызылорданың астана болған кезеңіне қатысты мұрағаттың дені бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде салынған Қызылорда қаласының тарихы музейінде сақталып тұр. Жеті жыл бұрын Қызылорда қала­сының 200 жылдық мерейтойы қар­са­ңында қаланың сол жағалауынан ашыл­ған музей қорында қазір 1186 экспонат бар. «Алаш партиясының құрылуы және Ақмешіт-Перовск қаласының тарихы», «Қызыл­орда – ел астанасы», «Қызылорда қа­ла­сы тәуелсіздік жылдарында» атты зал­дар­дағы құжаттар екі ғасырдан ас­там та­рихы бар қаланың өткенінен сыр шер­теді.

в

Республика орталығы болған кезеңді қамтитын бөлімде ерекше мәнерде жа­сал­ған шам мен ескі сөре, трубалы пате­фон көзге бірден түседі. Көне қоңыр үстел басында балауыздан жасалған қыз­мет­кер мүсіні шешімді бір құжатқа қол қою үшін алдындағы қағаздарға төне түсіп отыр. 

Қабырғадағы құжаттар арасынан 1925 жылдың 16 ақпанында қабылдан­ған астананы Орынбордан Ақмешіт­ке көшіру жұмыстары жөніндегі мәжі­ліс хаттамасының көшірмесін көр­дік. Орта­лықты Ақмешіт қаласына кө­ші­­ру мүмкіндігін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөніндегі комиссия төрағасы Аспандияр Кенжин осы жылдың 10 наурызында дайындық жұмыстары­ның қорытындысын орталыққа баяндау үшін Орынбор қаласына сапарлауына байланысты орнына комиссия мүшесі М.Тынышбаевты қалдыратынын, оған басталған жұмысты әрі жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға байланысты қаржыларды жұмсау құқы берілгенін атап көрсетіп, барлық партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары басшыларын бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруға ықпал етуге міндеттеген бұйрығы сол кезеңдегі қаладағы қарбаласты көз алды­ңызға әкелетіндей.

а

Сол жылдың 13 сәуірінде комиссия төрағасы А.Кенжин қалалық атқару комитетінің төрағасы Рүстемовке жазған хатында Үкімет мүшелері мінген пойыз сәуірдің он бесінші күні түстен кейін Ақмешітке жететінін, соған байланыс­ты дайындық шараларын пысықтап, ол жайлы комиссияны хабардар етуін сұрайды. Бесінші бүкілқазақ съезінде қабылданған қазақтың тарихи атауын қайтару мен Қазақ кеңес социалис­тік республикасының орталығы Ақме­шіт қаласын «Қызылорда» деп өзгерту жөніндегі құжат көшірмесі де музейде тұр. Бұл атауды ойлап тапқан кезіндегі саясат лебімен есімі түгілі елге жасаған еңбегі де айтылмай келген Алаштың ардағы Қоңырқожа Қожықов болған деседі. Музейдегі үлкен портретте ел ордасының Ақмешітке көшіп келген сәтіне жиналған жұрт қуанышы бейнеленіпті.

в

Қала тарихын зерттеп, көптеген мұраларды жинақтап,  оларды ғылыми негізде жүйелеу бағытында біршама іс тындырған музей бастамасымен 100 жылдық аясында дөңгелек үстелдер, тарихшылармен кездесу жоспарланып отыр. 

 

Қызылорда