
Тәуелсіздік алған тұста әлем жұрты елімізге күдік-күмәнмен қарағаны рас. Қаншама ұлт өкілі өмір сүретін республика татулық пен тыныштық сынағынан қалай өте алар екен деп демін ішіне тартқаны бар. Бірақ еліміз осы сындарлы кезеңнен аман-есен өтті. Бұл қазақ халқының табиғатынан толерантты мінезіне қатысты болса, екіншіден Ассамблеяның нәтижелі жұмысының жемісі. Осы күнде ұйым тек мерекелік іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің жоба-бастамалары арқылы үлес қосып отыр.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясында 16 этномәдени бірлестік бар. Олардың барлығы да бір үйдің баласындай бір-бірімен жақын араласып, көптеген мәселені біріге отырып шешеді. Елде қуанышты немесе қайғылы жағдай бола ма, дереу соған үн қатып, азаматтық танытады. Соның бірі – былтырғы көктемдегі су тасқыны. Солтүстік пен батыс өңірдегі жұртқа оңай тимеді. Қаншама үй суға кетті. Мал шығыны болды. Мемлекет қолдан келгенді жасап, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, уақытша баспанаға орналастырды. Тасқынды еңсеруге халық болып жұмыла кірістік. Әркім шамасына қарай көмек қолын созды. Елдің қайғысын бірінші болып бөлісуге ұмтылған қайырымды жандар қатарынан Шымкент қаласы ассамблеясының мүшелері да табылды. Нақты санға көшсек, этномәдени бірлестік өкілдері жылу жинап, 120 тоннадан аса материалдық көмекті зардап шеккен өңірлерге жіберді. Бес-алты жүк көлігін құраған жәрдем қоржынында киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық, медициналық препараттар, көрпе-төсек, басқа да тұрмысқа қажетті заттар болды. Қалалық Ассамблея «Жүректен – жүрекке» акциясы аясында осынау қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Тасқын су басылып, жағдай тұрақталған соң көмек қолын созуға атсалысқан бір топ азамат пен ұйымдар марапатталып, ел атынан үлкен алғыс арқалады. Олардың қатарында «ЮгПродуктГрупп» ЖШС, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Ассамблея жастары» ұйымы, этномәдени бірлестік төрағалары мен өзге де белсенді кісілер болды.
Қалалық Ассамблея – көптеген игі істің бастамашысы. Ұйым жанында Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі секілді құрылымдар жұмыс істейді. Ақсақалдар кеңесінің атқаратын қызметі – ұлтаралық татулықты дәріптеу, қоғамда болып тұратын түрлі келеңсіз жағдайдың алдын алу, әсіресе өзге ұлт өкілдері арасындағы тұрмыстық жанжалдың алдын алу, мемлекеттік бағдарламаларды, үкіметтік жобаларды халыққа кеңінен таныстыру, насихаттау. Сол секілді Аналар кеңесі отбасы институтын нығайту, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, рухани-патриоттық тәрбие беру, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында жұмыс атқарады. Өскелең ұрпақты патриоттыққа баулуда, отаншылдық сезімін қалыптастыруда «Ассамблея жастарының» алар орны ерек.
Статистикаға жүгінсек, былтыр қалалық Ассамблея тарапынан 150-ден аса іс-шара өткізілген. Олардың көпшілігі әлеуметтік, мәдени, этносаралық бірлікті нығайту, жалпыұлттық бірегейлікті сақтау мақсаттарына бағытталған. Мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейту бастамасы аясында да Ассамблеяның арқалаған жүгі ауыр. Соның бір айғағы ұйымға мүше этнобірлестік орталығының жастары іс-шара, жиындарда тек мемлекеттік тілде сөйлеп, қазақша баяндама жасауға тырысады.
Бүгінде әрбір этнос өкілінің ұлттық мерекесі атаусыз қалмайды. Оны тойлауға барша этномәдени бірлестік атсалысады. Рождество, Сабантой, Соллаль, Офарин болсын, бұл мерекелер – мегаполис тұрғындарының басын қосатын ортақ қуаныш. Осының бәрі елімізде ұлтаралық достық пен ынтымақтың шынайы бейнесін көрсетеді.
Шаһарда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге байланысты қала әкімінің қаулысымен іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған сәйкес 1 наурыз Алғыс айту күнінен бастап жылдың соңына дейін мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу жоспарда бар. Игі істердің ішінде жоғары оқу орындарында студенттердің қатысуымен өтетін дөңгелек үстел, Достық үйіндегі тарихшы, зерттеуші, қоғам қайраткерлерінің еңбектері баяндалатын семинарларды, түрлі ұлт өкілдерінің қолөнері мен өндірген тауарларының көрмесін, арнайы «Алғыс» керуенін атап өтсек болады. Сондай-ақ биылғы салтанатты мерейтой аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» ескерткіш тақтасы ашылады. Отыз жылдық шеңберінде Ассамблея мүшелері 30 қайырымдылық істі қолға алмақшы. Соның алғашқысы жуырда ерекше балаларға қамқорлық көрсететін қор ғимаратының күрделі жөндеуімен жүзеге асты. Президент бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Ассамблея өкілдері осыған орай жақсы бір істің ұйытқысы болуға ұмтылып отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 30 жасты қамқорлыққа алып, жұмысшы мамандығына оқытып, тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдем бермек.
Ассамблея 30 жыл ішінде қоғамға тірек болар ұйым екенін дәлелдеп шықты. Бәріне уақыт өзі төреші ғой. Тиімсіз құрылымдар талап пен сұраныстан бәрібір де шет қалып қояды. Ал ширек ғасырдан аса мерзім өтсе де Ассамблея өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, рөлі күшейіп, атқаратын қызмет ауқымдылығы мен мақсат-міндеті ұлғайып келеді. Тіпті еліміздің осы институттық моделіне таңдай қағып, үлкен қызығушылық танытқан елдер көп. Сондықтан жасампаздыққа жол салған Ассамблеяның бейбітшілік бастауындағы ұлы миссиясы ешқашан аласармайды.
ШЫМКЕНТ