Оқиға • 28 Ақпан, 2025

Қанат Шарлапаевтың министр ретіндегі негізгі жетістіктері

184 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қанат Шарлапаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен кетіп, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Ол басшылық еткен уақытта министрлік бірнеше маңызды шешімдер қабылдап, өнеркәсіп пен құрылыс саласында ірі жобаларды жүзеге асырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қанат Шарлапаевтың министр ретіндегі негізгі жетістіктері

Фото:Үкіметтің баспасөз қызметі

«АрселорМиттал Теміртау» мәмілесі

2023 жылы Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясын мемлекет меншігіне қайтару жөнінде келіссөздер жүргізді. Бұл мәселе әсіресе, 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында орын алған қайғылы оқиғадан кейін өзекті бола түсті. Апат салдарынан 46 кенші қаза тапты, ал тергеу нәтижесінде өндірістік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.

2023 жылдың желтоқсанында Үкімет АМТ-ны 286 миллион долларға сатып алғанын жариялады. Алғашында «АрселорМиттал Теміртау»  бұл активті 3,5 миллиард долларға бағалаған, бірақ Қазақстан тарапы халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, нақты нарықтық құнын анықтады.

Кәсіпорынның жаңа иесі – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев болды. Компанияға оның тарихи атауы – QARMET қайтарылды. Бұл мәміле Қазақстан үшін металлургия саласында экономикалық дербестікті қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау тұрғысынан маңызды болды.

2024 жылғы су тасқынының салдарын жою

2024 жылдың көктемінде Қазақстан соңғы 80 жылдағы ең жойқын су тасқынын бастан өткерді. Бұл табиғи апат 10 облысты, 47 аудан мен 224 елді мекенді қамтып, 17 603 тұрғын үйге зиян келтірді.

Министрлік су басқан үйлерді қалпына келтіру және жаңа баспаналар салу бойынша жедел шаралар қабылдады:

  • 9 156 үй толық жөнделді;
  •  8 447 үй жарамсыз деп танылды;
  • 5 767 үй мен пәтер сатып алынды;
  • 2 680 жаңа үй салынды.

Жаңа үйлер жер бедері мен ландшафтты ескере отырып, қайта су басу қаупі жоқ аумақтарда салынды. Құрылыс барысында 6 175 жұмысшы мен 408 арнайы техника жұмылдырылды.

Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы жетістіктер

Қанат Шарлапаевтың басшылығымен Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс салаларында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді:

  • Машина жасау – 109,7% өсім;
  • Қара металлургия – 110,7% өсім;
  • Түсті металлургия – 104,4% өсім;
  • Химия өнеркәсібі – 107,7% өсім.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанның өнеркәсіптік дамуда жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.

Жер қойнауын пайдалану және геология саласындағы реформалар

2024 жылы жер қойнауын пайдалану саласында да үлкен өзгерістер болды. Аукцион арқылы 19 кен орны сатылып, мемлекетке 5,3 млрд теңге түсті. Сонымен қатар, 2024 жылдың қарашасында тағы 25 кен орны аукционға қойылды.

Кен орындарын игерудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халықаралық CRIRSCO стандарттарын енгізді. Бұл жүйе инвесторлар үшін геологиялық деректердің айқын әрі сенімді болуын қамтамасыз етеді.

2024 жылы геологиялық зерттеу жұмыстары 104 мың шаршы шақырым аумақта жүргізілді. Сонымен қатар, 50-ден астам жаңа лицензия беріліп, еліміздің пайдалы қазбалар қорын зерттеуге мүмкіндік жасалды.

Қазақстандағы металлургия саласындағы өзгерістер

2024 жылы қара металлургия саласында да маңызды реформалар жүргізілді. Лом және қара металл қалдықтарын жинау, өңдеу және экспорттау қызметіне жаңа ережелер енгізілді. Осылайша, металл сынықтарын ел ішінде қайта өңдеуді ынталандыру мақсатында экспорттық шектеулер қойылды.

Металлургиялық өндіріс үшін шикізат тапшылығын болдырмау және қазақстандық зауыттардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін металл сынықтарын сыртқа шығаруға тыйым салынды.

Автомобиль жасау саласындағы жаңалықтар

Барлық қазақстандық автозауыттар ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты өндіріс жүйесіне көшті. Бұл технология автокөліктердің шанағы мен кабиналарын дәнекерлеу және бояу процестерін ел ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, үкімет трансформаторлар мен электр қосалқы станцияларын мемлекеттік сатып алулардан алып тастады. Бұл шешім отандық өндірушілерге басымдық беруге және қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға бағытталған.

Жаңа тұрғын үй реформасы

2024 жыл тұрғын үй саясаты үшін де маңызды болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қараша айында тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы заңға қол қойды. Бұл реформа азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жеңілдетіп, «Отбасы банкін» толыққанды тұрғын үй даму институтына айналдыруға бағытталған.

Жаңа жүйе арқылы 71 мыңнан астам азамат жалға алған мемлекеттік пәтерлерін жекешелендіру құқығына ие болды. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен ҰОС ардагерлері бар.

Мемлекет сондай-ақ 21 мыңнан астам пәтерді сатып алып, оларды тұрғын үйге мұқтаж жандарға таратты. 13 мыңға жуық отбасы өз баспанасына ие болды. «Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламаларының арқасында 10 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алды. Бұл мақсатта мемлекет 1 трлн теңге қаржы бөлді.

Қанат Шарлапаев басшылық еткен кезеңде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ірі келіссөздер жүргізіп, экономикалық дағдарыстарды еңсеріп, маңызды салаларда рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.