Логистика • 01 Наурыз, 2025

Транзиттің мүмкіндігі молайып келеді

132 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуразия кеңістігінде транзиттік хабқа айналу бірегей мақсатымыз ­болып тұр. Соған орай теміржол саласында 1 300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Олар – Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтарал теміржол желілері, Аягөз – Бақты теміржол өткелі және Алматы айналма жобасы. Достық – Мойынты мен Алматы айналма жобасы биыл тәмамдалып, қолданысқа беріледі.

Транзиттің мүмкіндігі молайып келеді

«Бұдан бөлек, инфрақұрылым қуа­тын арттыру мен өткізу қабілетін кеңейту мақсатында 700 шақырым болатын Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау учаскелері жаңғыртылады. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 200 шақырым Қызылжар – Сексеуіл, Шалқар – Бейнеу телімдерінде автоблоктеу жүйелері енгізіледі. Жоғарыда айтылған жобаларды осы жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр», дейді Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов.

 

ҚТЖ үш елде теміржол терминалын салады

Бүгінде еліміз Румыния, Мажарстан және Қытайда жүк терминалдарын салу мәселесін қарастырып жатыр. Шетелдегі жүк қалыптастыру нүктелері география­сын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылданып, пысықталу үстінде. Қазір Ляньюньган портында және Сиань қала­сының құрғақ портында Қазақстан – Қытай терминалдары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ біздің жеке сектор Поти портында терминал салған. Комитет төрағасы орынбасарының мәліметінше, қазір Алят портында, Мәскеу маңындағы Селятино стансасында, Беларусьтегі Свислочь стансасында және Ташкентте терминалдар құрылысы жүріп жатыр. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 1 млн-нан астам контейнерді құрайды.

«Болашақта Румыния, Мажарстан (Будапешт) және Қытайдың Үрімжі (ШҰАР) қаласында бірлескен терминалдар ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы, сыртқы терминалдық қуат 4 есе өсіп, жылына 2 млн 500 мың контейнерге жетеді. Бұл өз кезегінде жүк ағындарын көлік инфрақұрылымымызға тартуға мүмкіндік береді. Осы жасалып жатқан жобалардың арқасында транзит 3 есе артып, 76 млн-ға жетеді. Бұл еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетінің дамуына үлкен үлес қосады», деді Н.Келбұғанов.

 

Жүк вагонына қажеттілік толық жабылады

Алдағы 4 жылда теміржолдың 11 мың шақырымында (70%) күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. 2023–2024 жылдары 2 800 шақырым жөнделген. Елімізде 1 800-ге жуық локомотив қолданыста. Былтыр 185 локомотив сатып алынса, биыл 200 жаңа локомотивке ақша ажыратылған.

Бүгінде елімізде 300-ге жуық вагон операторлары жұмыс істеп жатыр және 140 мың жүк вагоны тіркелген. Былтыр қосымша 2 350 жүк вагоны сатып алынды. Биыл да сол мөлшерде вагон сатып алу жоспарланып отыр. Осыдан кейін елімізде жүк вагондары толығымен жеткілікті болмақ.

«Көрші елдермен теміржол түйіс­пелерінде пойыздарды өткізу қабілетін арттыруға нақты шара жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресеймен 9 теміржол түйіспесінің 5-еуінде, яғни Семиглавый Мар, Орск, Илецк, Қарталы, Құрқамыс түйіспелерінде екіжақты жұмыс басталды. Осылайша, аталған өткелдердің өткізу қуаты 20%-ға артады. Ал Өзбекстанмен шекарадағы Сарыағаш түйіспесінде жаңа жолдар салынады. Ол түйіспе қуатын 12%-ға ұлғайтады», деді ведомство басшысының орынбасары.

 

226 жолаушы вагоны сатып алынады

Жолаушы жайлылығы мен тасымал сапасын арттыру үшін биыл 226 жаңа вагон сатып алынады. Вагондар отандық ЗИКСТО зауыты мен Штадлер компания­сында өндіріледі. Аталған жылы вагондар 13 бағыт бойынша қатынайды екен.

«Жаңа вагондар кондиционер, Wi-Fi, заманауи дәретхана, кеңейтілген жүк сөрелері, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ерекше санаттағы жолаушыға ыңғайлы жағдай жасалады. Есте болса, былтыр осы мақсатта 143 жаңа вагон сатып алынған еді. Негізінен 2029 жылға дейін отандық вагон паркін 1 000 вагонға дейін жаңарту жоспарда бар», деді Н.Келбұғанов.

Оның айтуынша, сұраныстың көбеюуіне байланысты жолаушы тасымалы жылдан-жылға өсіп келеді. Өткен жылдың қортындысында 2023 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 5,6%-ға өсіп, 20,8 млн жолаушыға жеткен. Биылғы мақсат – осы көрсеткішті 1 млн жолаушыға арттырып, 21,8 млн адамға теміржол қызметін көрсету.