Экология • 04 Наурыз, 2025

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды

41 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда осындай атаумен «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең ауқымды экологиялық  науқан өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды

Наурыз айының алғашқы онкүндігі «Таза көшелер» деген атаумен өтіп жатыр. Бұл кезеңде жол жабынын, қоғамдық көлік аялдамаларын тазалау, жол белгілерін жуып-шаю, қосымша қоқыс жәшіктерін орнату және қаланың негізгі көшелерін көркейту жұмыстары жүргізіледі. 

Науқан барысында жұмысшылар Солтүстік айналма жолының бойын тазартып жатыр. Жұмысшы Асқар Алдабергеновтің айтуынша, жұмыс Рысқұлов көшесінен басталып, Айнабұлақ шағын ауданына қарай жалғасады.

«Қызметкерлер қыс кезінде жолға себілген құм мен басқа да қоқыстарды жинап жатыр. Біздің қолымызда фронталды тиегіш, самосвал және шаңсорғыш көлік бар. Жұмысшылар негізгі қоқысты жинағаннан кейін шаңсорғыш ұсақ қалдықтарды тазалайды. Мен осы салада 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Қыс біткесін қар астында қалған қалдықтарды жинаймыз, ал көктемде саябақтар мен гүлзарларды ретке келтіреміз. Жыл мезгілдеріне қарай тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз», дейді ол.

дд

«Таза көшелер» науқанына 180 жұмысшы және 60 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Магистральдық көшелер ғана емес, оларға іргелес жатқан саябақтар, гүлзарлар, арық жүйелері тазартылып жатыр. Аулаларда «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша тазалық жұмыстары қолға алынған.

Әкімдік көріктендіру төлқұжаты да енгізіліп жатқанын хабарлап отыр. Аудан әкімдігі қызметкерлері кәсіпкерлер мен меншік иелерін аралап, көріктендіру төлқұжатына қол қоюдың мыңызын түсіндіру жұмысын бастаған. Бұл аймағын таза ұстауға деген жауапкершілікті арттырады.

Жолды шұңқырлы жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Ойықты, шұңқырды қалпына келтіру, апатты жағдайдағы арықтар мен жиектастарды ауыстыру жұмыстары басталған.

1 наурыздан 1 сәуірге дейін 4 кезеңге бөлінген «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны мына жұмыстарды қамтиды: 

«Таза көшелер» (1-9 наурыз) – аялдамалар мен жол белгілерін жуу, қоқыс жәшіктерін орнату, магистральды көшелерді көркейту.
«Таза саябақтар, скверлер және таулар» (10-16 наурыз) – табиғи аймақтарда сенбіліктер өткізу, қоқыс жинау шаралары.
«Таза аулалар» (17-23 наурыз) – аулаларды, балалар және спорт алаңдарын тазалау, бояу, көгалдандыру, «Үздік аула/аула сыпырушысы/гүлзар» байқаулары.
«Біздің қала – біздің мақтанышымыз» (24 наурыз – 1 сәуір) – ескерткіштерді көркейту және жаппай ағаш отырғызу.