
Фото: Жоғарғы Сот
Жиынға судьялар, ТМД елдерінің жоғарғы соттарының басшылығы мен сот қоғамдастығы, сот төрелігі саласындағы беделді ұйымдардың – Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Еуропалық комиссияның және Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA), АХҚО Соты аппаратының өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар сынды 100 адам қатысты.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев құқықтық мемлекет стандарттарына сәйкес сот жүйесін одан әрі дамыту үшін берік негіз құрудың маңыздылығын, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибені енгізу қажет екенін атап өтті.
Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев Қазақстан басшысының бастамаларын жүзеге асыру және еліміздің сот жүйесінде оның тиімділігін, ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізуге және озық халықаралық практиканы ескере отырып, жүйелі қайта құрылымдауға бағытталған реформаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Жоғарғы Сот Төрағасы судьялардың қызметін жеке бағалау әдістемесінің жетілдіріліп жатқанын, сот процесінің ашықтығын арттыруды, IT-шешімдерді енгізуді, субъектілік факторды азайтуды, сондай-ақ сот жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін ортаға салды.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт, ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова және Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның төрағасы Франческо Депаскуале Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттырудың өзекті аспектілеріне тоқталды.
️Жиынға қатысқан MAСA президенті Памела Харрис Қазақстанның сот жүйесіне енгізілген өзгерістерді әсерлі деп атап, олар судьяларға әкімшілік мәселелерге алаңдамай, тек сот төрелігін жүзеге асыруға назар аударуға мүмкіндік беретінін айтты. Спикер реформалардың, ең алдымен, қысқа мерзімде жүргізіліп, ең жақсы нәтиже көрсеткендігі мен әсерлі екенін атап өтті. Негізгі өзгерістер сот әкімшілігінің жаңа моделін, соттарды қаржыландыруды жақсартуды және цифрландыруды дамытуды қамтитынына назар аударды.
Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы сот әкімшілігінің қазіргі моделі, соның ішінде IT-құралдары соттардың ашықтығын арттырып, ауқымды деректерді өңдеуді жылдамдата алғанына, сот процесіне қатысушылар арасындағы үзіліссіз байланысты қамтамасыз етіп, сот қателерін азайтып және сотқа деген сенімді нығайтуға ықпал еткеніне қызығушылық білдірді. Олар судьялар мен сот қызметкерлерін оқытуға қатысты да пікірлерін ортаға салды.