
Суретті түсірген – автор
Көрменің ұйымдастырылуына Ұлттық архив пен «Amanat» партиясының Есіл аудандық бөлімшесі, Астана қаласы мәслихатының депутаты, этнограф-коллекционер Бахаргүл Төлегенқызы ұйытқы болды.
Іс-шара барысында архивтік құжаттар мен зерттеулер, қазақ халқының дәстүрлі ұлттық киімдері және зергерлік бұйымдарының үздік үлгілері, атап айтсақ, Бахаргүл Төлегенқызының жеке коллекциясынан ХIX ғасыр басында жасалған күміс белдік, Ресей архивінен табылған сол белдікті тағып түскен әйелдің суреті мен Ақселеу Сейдімбектің ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдар, асыл тастар туралы қолжазба зерттеу еңбектері жұртшылық назарына ұсынылды.
Қазақ халқының ұлттық киімі тек сән-салтанаттың ғана емес, халқымыздың дүниетанымы мен болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Әйелдердің киім үлгілері олардың жас ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебесіне байланысты ажыратылған. Қыз-келіншектердің, орта жастағы аналар мен егде жастағы әжелердің киім үлгілері бір-бірінен айрықша ерекшеленеді. Жас қыздар ою-өрнекпен безендірілген қос етекті көйлек киіп, көбінесе үкілі тақия таққан. Ал келіншектер салмақты әрі сәнді кең етекті киім киген екен. Олардың кимешегі ақ матадан тігіліп, иықты жауып тұратын болған. Әжелердің киімі – байсалды, күміс әшекейлермен толықтырылған.
Көрмеде қазақ әйелінің осы ерекшеліктерін айқындайтын тарихи киім үлгілері қойылып, олардың әрқайсысы туралы тың деректер айтылды. Әйел жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай тағатын зергерлік бұйымдардың үлгілері ұсынылып, олардың жасалу әдістері мен маңыздылығы туралы қызықты ақпараттар берілді.
Халқымыз ежелден күміс пен алтыннан жасалған әшекей бұйымдарға ерекше мән берген. Тек әсемдік үшін ғана емес, әйел затының мәртебесін айқындау, түрлі наным-сенімдерді білдіру, тіпті денсаулыққа пайдасы бар деген сеніммен де тағылған.
Бұл көрме ұлттық киім мен зергерлік өнерді заманауи тұрғыда дәріптеуді көздеді.