АСТАНА. 19 маусым. Қызылордадан суыт хабар келді: облыстық «Сыр бойы» газетінің белді де байырғы журналистерінің бірі Айғали Қарабалаев кенеттен қайтыс болыпты. Бұл туралы «Сыр бойы» газетіндегі әріптестеріміз хабарлады.
Қарабалаев Айғали Аманжолұлы 1963 жылы 15 ақпанда Өзбекстанның Сырдария облысы, Киров ауданы, Куйбышев селосында туған. Ал балалық шағынан бастап, барлық саналы ғұмыры Қызылорда қаласында өтті. Ол 1980 жылы облыс орталығындағы №212 мектепті бітіргеннен кейін «Трансагенство» мекемесіне тасқалаушы болып жұмысқа орналасады.
А.Қарабалаев 1983-1989 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін сырттай оқып бітірген. Журналист ретіндегі еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде тыңдаушы, корректор болудан бастады. Бір кездері жауапты хатшының орынбасары, өндіріс, құрылыс және транспорт секторының меңгерушісі болып қызмет істеді, редакция жанындағы «Дәрмен» коммерциялық фирмасын басқарды. Содан соң хаттар секторының әдеби қызметкері, жарнама бюросының тілшісі, газеттің Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарындағы меншікті тілші болды. Бұдан кейін өмірінің соңына дейін әлеуметтік мәселелер, сәулет бөлімдерінің тілшісі болып қызмет атқарды. Осылайша «Сыр бойы» басылымында табан аудармастан, тура 30 жыл еңбек етті.
Айғали жұмысқа да, досқа да барынша адал, жүрегі кең азамат еді. Ол қолына қандай істі алса да, соны көңілдегідей орындағанша тыным таппайтын табанды да жігерлі маман болатын. Өзі жастайынан басты тақырыбына айналдырған облыстың өндірісі мен өнеркәсібі, транспорты мен құрылысы, байланысы мен коммуналдық шаруашылық салаларының білгір журналисі еді.
Өмірден осылай нағыз еңбектің торысы атанған тағы бір бұқаралық ақпарат құралдарының өзіндік орны бар өкілі өтті.
Марқұмның соңында жұбайы, бір ұлы мен бір қызы қалды.
Біз Айғали Аманжолұлына жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын дегіміз келеді.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Сыр бойы.