Оқиға • 11 Наурыз, 2025

Нұрғиса Тілендиевтің жары өмірден өтті

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі күйші, әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің жары, актриса Дариға Тілендиева қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрғиса Тілендиевтің жары өмірден өтті

Фото: aikyn.kz

Бұл туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметі Instagram парақшасында хабарлады.

«Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, талантты актриса, күйші, сазгер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиеваның өмірден озуына байланысты қайғыра көңіл айтамыз. Дариға Тілендиева ұлттық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті өнер иесі. Ол Халық қаһарманы, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірлік жары ғана емес, сазгердің шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген тұлға болды. Оның өнері мен рухани мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады», деп жазды Құрманғазы оркестрінің ұжымы. 

Дариға Тілендиева 1946 жылы Алматы облысы, Көксу ауданы, бұрынғы Ақтекше ауданында дүниеге келген. 

Алғаш рет «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Құлагер», содан кейін «Ақ машина», «Алты жасар Алпамыс», «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы», тағы басқа көркем фильмдерінде әр түрлі рөлдерді сомдаған. 1993 жылдан «Отырар сазы» оркестрінде қызмет істеді. 

1967 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының (қазіргі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ) актрисасы. «Тризна» (1974), «Алпамыс мектепке барады» (1977), «Жау, тоғызыншы ұлдан қорық» (1984), «Қоштасқым келмейді» (1992), «Жамбыл» (1993) және тағы басқа фильмдерге түскен.

Н.Тілендиев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың президенті. ҚР еңбек сіңірген әртісі (1998).