
Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, келіндер институтының маңыздылығын насихаттау мақсатында ұйымдас-тырылған байқау бірнеше бөлімнен тұрды, әрбір кезеңде қатысушылар жан-жақты дайындықтарын көрсетті.
«Мен – қазақтың келінімін» таныстыру бөлімінде олар өздерін таныстырып, отбасы, ата-енесі, тұрмыс құндылықтары туралы әсерлі әңгімелерін жеткізді. Келіннің ибасы мен инабаттылығы осы кезеңнен-ақ көрінді. Сайыстың «Өнерлі келін – өнегелі келін» кезеңінде әр келін өз қабілетін көрсетіп, бірі әуелете ән салса, енді бірі мың бұрала би билеп, монолог, өлең оқып көрермендердің ықыласына бөленді. Қатысушы келіндер үшінші кезеңде қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау шеберлігінен сынға түсті. Бұл кезеңде келіндер бауырсақ, таба нан, ұмыт болып бара жатқан тағамдарды әзірлеп, қазылар талқысына ұсынды. Келіннің отбасындағы, қоғамдағы рөлін бағалау, тапқырлығы мен көрегендігін сынау мақсатында әртүрлі тұрмыстық жағдайлар ұсынылып, олардың шешу жолдары сұралды. Сондай-ақ келіндерге жартылай айтылған мақалды толықтыру тапсырмасы берілу арқылы олардың тіл байлығы мен ұлттық мұраға деген құрметі көрінді.
Әрбір қатысушы өзінің өнерімен, шеберлігімен ерекшеленді.
Бас жүлдені жыңғылдылық Римма Қорғанбаева алса, бірінші орын ұштағандық Андыз Нұрлыбековаға, екінші орын сайөтестік Фатима Аралбаеваға бұйырды, үшінші орынды оңдылық Райгүл Көсемова мен тұщыбектік Нұрзада Еділбаева бөліссе, «Көрермен көзайымы» аталымы шетпелік Айдана Бектасоваға бұйырды. Байқауға қатысқан келіндердің барлығы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Бұл іс-шара тек жарыс қана емес, аудандық әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жоспарына сай қазақтың отбасы құндылықтарын, келін тәрбиесінің маңыздылығын дәріптеген мәні зор мереке болды. Осындай игі дәстүрлер жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін» дейді ұйымдастырушылар.
Маңғыстау облысы