Мың бір мысал • 13 Наурыз, 2025

Мәңгілік шындық

45 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шындықтың басты категориясы – тұрақтылық. Оны уақыттың не мекеннің өлшеміне сыйғызу мүмкін емес. Себебі уақыт та, мекен де тұрлаусыз ұғымдар. Бұдан жүз жыл бұрынғы таным-түсініктің қазіргі сәтте өзекті болмай қалып жататыны сондықтан. Шәкәрім қажы бұларды ысырып тастап, яғни бұрынғы шынды, бүгінгі шынды, ертеңгі шынды қабыл алмай, ешқашан бұзылмайтын, өзгермейтін «шынды» көксейді. Ал енді ойланып көрейік, бұл қандай «шын» болуы мүмкін?

Мәңгілік шындық

Ойымызды образды түрде жеткізсек, қарапайым жапы­рақты мысал етіп алуға болады. Айталық, жапырақтың жасыл екендігі шындық па? Шындық. Бірақ ол бүгінгі шындық. Күз түскенде ол өзектілігінен айы­рылады да, орнына басқа шын­дық келеді, яғни жапырақ сары түске боялады. Ал қыста ше? Түсі түгілі, жапырақтың өзі де болмауы мүмкін.

Мұны неге айтып отырмын. Баянсызға байлану – қатер. Бұл бүгін бар, ертең жоқ банкке бүкіл қаражатыңды құйғанмен бірдей. Ал енді айнаны ары­мызға қарата сөйлейік. Әга­раки әрқайсымыздың өмірге келгендегі түп мақсатымыз бар болатын болса, ол қандай шындыққа негізделген? Өзгер­мейтін мәңгілік шындыққа ма, жоқ бүгінгі күннің қам-қарекетінен туған өзгермелі шындыққа ма? Күйбең тірлікке күйіп-пісіп, жүйкеміз тозып, көңіліміз құлазып жүргенге қарағанда, біздің шындық екіншісіне келіңкірейді. Шә­кәрімнің «Баянсызға бәрі – құл, жынданбаған пенде жоқ» деуінің мәні осында жатса керек. Демек, баянсыздың артынан қусаң, ақыл-естен айырылмай қоймайсың. Қоғамдық сананың кері кетуінің негізгі себебі осында жатыр.

Ал адамның ең қымбат қазынасы болған ақыл-есті сау қал­пында сақтап қалу үшін адам нені мұрат тұтуы керек. Әрине, тұрақты шындықты. Енді оны қайдан табамыз һәм қалай сеземіз?

Лев Толстой былай дейді: «Ұзақ өмір сүрген әрбір адам әуелі шақалақ сәби болады. Сосын балдырған, сосын ер немесе әйел, сосын кемпір не шал болады. Алайда адам жасына сай қалай өзгерсе де, өзін «мен» деп атайды. Сәби болса да, қарт болса да оның ішінде ешқашан өзгермейтін нәрсе – осы «мен». Дәл осы өзгермейтін «менді» рух деп атаймыз».

Иә, рух өзгермейді, қартай­майды, өлмейді. Осы сипаттар оның тұрлаулы, баянды шындық екенін дәлелдеп тұр. Сонда осы шындықты тану және оған ұмтылу – адамның ең ұлы мұраты болып шығады. Жоғарыда рухты өз бойымыздан қалай сезетінімізді айт­тық қой. Енді оның жекелей сырына тереңдейік, яғни ол қандай рух болды? Әрі қарай Толстойдың өзі жауап берсін:

«Су құйылған әртүрлі ыдыс­­тарды шелек, бөшке, ­тегене деп айтамыз. Бірақ бәрі­нің ішінде бір-ақ су. Сол секілді, адам­дарды да тән ерекшелі­гі­не сай ұл бала, қыз бала, шал, кемпір деп бөлгенімізбен, әр­қайсының ішінде бәріне ортақ нәрсе бар. Ол – құдайлық рух».

Иә, адамзаттың басы осы нүк­теде ғана біріге алады. Ол үшін адамдар бір-біріне қа­рама-қарсы жүрудің қажеті жоқ. Керісінше, барлығы осы тұрақты шындыққа қарай жүруі, қазіргі сәтте жүгіруі ке­рек. Тек сонда ғана олардың бәрі біртұтас болмысқа айналады. Бұл күллі жаратылыспен ішкі үйлесімге келу деген сөз. Мұның артында исі адамзаттық татулық, Абайша айтсақ, күллі әлемге бұлақша ағып тарайтын жылылық пен достықтың жатқаны мәлім.