
Академиктің өмірі бірден даңғыл болған жоқ. Керісінше, әлі есі толық кірмей жатып тағдырдың ауыр теперішін басынан өткеріп, өмірдің небір қиыншылығы мен кедергісін көрді. Сол замандағы «халық жауының» баласы деген атау қай жерде де Кеңес ағамыздың алдынан тосқауыл болып шығып отырды. Соған мойымай, керісінше кедергілердің бәрін жеңе отырып, бала кезінен шыңдалып есейді. Басқаша айтқанда, ғалымды өмірдің өзі шыңдады.
1957 жылы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін үздік аяқтаған Кеңес Нұрпейісұлы ұстаздарының ұсынысымен факультеттегі жалпы тарих кафедрасында оқытушылық қызметке қалдырылды. Өзі оқыған факультетінде бір жылдай қызмет атқарған ардақты азамат келесі жылы Ғылым академиясындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысты. Одан кейін жарты ғасырға жуық өмірін қазақ ғылымының қара шаңырағы – Ғылым академиясында өткізіп, бар күш-жігерін отандық тарих ғылымына арнады. Осында жүріп ол ғылым жолындағы барлық биік белесті бағындырды, айтулы азамат, қадірлі ғалым, талантты тұлға болып қалыптасты. Адал еңбек пен төккен тер және табандылық пен ғылыми шығармашылық Кеңес ағамызды атаққа да, абыройға да, марапатқа да жеткізді.
Жалпы алғанда, К.Нұрпейісұлының өмір жолы мен шығармашылығы туралы көп әңгіме айтуға болады. Ол туралы жарық көрген еңбектердің ішінде 2021 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Кеңес Нұрпейісұлы» атты кітаптың жөні бөлек. Оны баспаға даярлаған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Талдыбек Әлиұлы Нұрпейісов (туған ағасы Әлидің ұлы) академик Кеңес Нұрпейісұлының өмірі мен ғылыми қызметін 1,5 баспа бет көлемінде жариялады. Сонымен бірге бұл жинақта академик К.Нұрпейісұлының «Қазақ тарихының өзекті мәселелеріне», «Алаш ақиқатын зерттеу мәселелеріне», «Тұлғатануға» арналған таңдаулы мақалалары енгізілген. Соңғы бөлімде 50-ге жуық ғалым замандасының, әріптестінің, рухани інісінің, шәкіртінің тарихшы туралы ойлары мен пікірлері берілген. Олардың бәрі ардақты ағамыздың азаматтық, қайраткерлік, тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашып көрсеткен.
1985–1990 жылдары университеттің тарих факультетінде оқып жүргенімізде тарих ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Нұрпейісұлының есімін сырттай естідік. Ал жақын таныс болғанымыз 1990 жылдан басталады. Ағамыз тарих факультетіндегі «Қазақ ССР» тарихы, 1991 жылдан кейін Қазақстан тарихы кафедрасының күндізгі және сырттай оқу бөліміндегі студенттерінің мемлекеттік емтихандары мен диплом қорғау жұмыстарына мемлекеттік комиссия төрағасы болып келетін. Сол кездегі кафедраның ең жас оқытушысы ретінде ағамызды күтіп алу мен шығарып салу менің мойнымда еді. Бірден көзге байқалатыны, Кеңес ағамыздың сырт киіміне қарап бірден оның зиялы мәдениетті білімді адам екеніне көз жеткізесің. Біздің кафедрамызда Кеңес ағамыздың ғылымдағы бірнеше аға-інілері мен достары бар еді. Олар – кафедра меңгерушісі, профессор Дина Исабайқызы Дулатова, профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкенов, доцент Сүлеймен Тұрғанбайұлы Тұрғанбаевтар. Олардың бәрі бірауыздан Кеңес ағамызды академияның өкілі, нағыз ғалым ретінде мойындайтын. Айтулы тұлғаның сол жылдардың өзінде тарих ғылымдарының докторы мен профессорлығы атақ-дәрежесінен басқа, 1982 жылы бес томдық Қазақ КСР тарихын жазуға қатысқаны үшін алған Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1987 жылы сайланған Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техникалық қайраткері атағы бар-тын. Сондай атақтары мен дәрежесіне қарамастан ғалымның болмысынан өте қарапайымдылық байқалып тұратын. Қарапайымдылық тек ұлыларға тән деген қағиданың өте дұрыс айтылғанына соған қарап көз жеткізгендей боласыз.
Кеңес ағамен жақын араласып, оның өмір жолы мен ғылыми шығармашылығында ғылымда жүрген қазіргі жастарға көптеген үлгі-өнеге боларлық іс-әрекетті, сәтті, баталы сөздерді аңғардық.
Оның үлгі боларлықтай ісі – ғылымдағы ерлігі. Кеңес одағы тұсында тарих ғылымдары бойынша ғылым кандидаты дәрежесін 30–40 жаста, ғылым докторы дәрежесін 50–60 жас аралығында қорғайтын, бұл жазылмаған ереже сияқты болып көрінетін. Жаратылыстану ғылымдарында, оның ішінде физика, математика, химия, биология ғылымдарында кейбір нағыз ғылымға берілген тума таланттар 20-ның ішінде ғылым кандидаты, 30-дың ішінде ғылым докторлары болғанын білуші едік. Бірақ олар некен-саяқ болатын. Олардың осындай істерін ғылымдағы ерлік деп жатады.
Қазақстанның тарих ғылымында да 30 жастың ішінде ғылым докторы дәрежесін алған тұлғаларымыз бен ағаларымыз бар. Солардың алғашқысы – Ермұхан Бекмаханов, ол 1948 жылы 33 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғап, қазақ тарихшыларына ғылымдағы ерліктің үлгісін көрсетеді. 1969 жылы 38 жасында академик Манаш Қозыбаев докторлық диссертациясын қорғап, ғылымдағы ерліктің үлгісін қайталайды. Дәл осындай ерлікті үшінші болып, 1973 жылы 38 жасында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Кеңес Нұрпейісұлы одан әрі жалғастырады. Ағамыз 1963 жылы кандидаттық диссертациясын 28 жасында қорғап шыққан.
Бірегей ғалымның бұл «рекорды» 1-2 жылға жасаруы керек еді, бірақ оның алдынан 1970 жылдары «халық жауының» ұлы болғаны кедергісін келтіреді. «Жол азабын жүрген білер» дегендей, диссертацияның мәтінін жазып бітіру мен оны диссертациялық кеңес алдында қорғап, сол кездегі ВАК-та (Жоғары Аттестациялық комитет) бекіту арасы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Кеңес ағамыз жалпы алғанда 35-36 жасында диссертациясының толық мәтінін бітірген. Одан кейін ғылыми кеңесшісінің ізденушінің ғылыми тұжырымдарын мақұлдауы, жұмыс істейтін бөлімде талқылаудан өтуі, ескертпелермен жұмыс істеуі, диссертациялық кеңеске ұсыну, оның шешімін күту, кеңесте қорғау мен ВАК қорытындысын күту, осының бәрі тез болды дегеннің өзінде 1-1,5 жыл уақыт алады. Осындай шаралардың бәрін артқа қалдырып, Кеңес Нұрпейісұлы 1972 жылы көктем айында қорғау үшін авторефератын шығарып, оны сыйлас жолдас-жоралары мен жақын ағайын-туыстарына таратады. Баяғы «халық жауының» ұлы деген атақты жақсы білетін бір шенеунік «туысы» көтеріп, тиісті жерге жазып жіберген екен. Ол жақтан тапсырма келіп, докторлық диссертация жұмысын қорғау тоқтатылады. Тек қана тарих институтының директоры, профессор, академик, Ғылым академиясының вице-президенті, Кеңес ағамыздың ғылыми кеңесшісі Ақай Нүсіпбековтің араласуымен қайта жалғасады. Соның өзінде ғалым әкесінің ақталғандығы туралы Мәскеуден анықтама қағазын алдыртады, тағы КСРО Қауіпсіздік комитетінен анықтама, ғылыми кеңесшінің Қазақстан басшысымен сыйластығы секілді факторлар әсер етіп, 1973 жылы маусым айында қорғап шығады. Соның өзінде ағамыздың жасы 38 жаста еді. Сол жылдардағы өлшем бойынша бұл да ғылым жолындағы ерлікке жатады. Мұның құпиясын Кеңес ағамыздың өзі бір ғана сөзбен түсіндіреді. Ол өзінің берген бір сұхбатында ғылымдағы жетістіктерінің бәрін күн сайынғы үздіксіз еңбек пен тынымсыз ізденіс және ғылыми ортада қалыптасқан шығармашылық пен психологиялық ахуал деп түсіндіреді.
Кеңес ағамыз 50-ге толмай, нақтырақ айтсақ, 47 жасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанады, 52 жасында Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады. Бұл жас та сол кездер үшін «рекордтық» жас еді.
Ағамыздың немере інісі Талдыбек Нұрпейісовтің 2024 жылы «Мұқағали» журналының №6 санындағы «Өлең құдіреті» деген мақаласында атақты ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шыда, шыда» атты өлеңін Кеңес Нұрпейісұлына арнағандығы жөнінде айтылады.
«Шыда, шыда!
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады
Үміттің құлан иек құла таңы,
Әйтеуір, бір атады, бір атады...»,
деп әрі жерлес, әрі рухани ақын ағасы інісіне қолдау көрсетіп, қайраттандырған екен. Осы өлең жолдарындағы керемет сөздер мен ұшқыр ойлар шынында да Кеңес ағамызға докторлық диссертациясын қорғау жұмысына қатысты қатты қиналыс пен күйзеліс кездерінде өте жақсы, баға жетпес қолдау болып саналды.
Академиктің ерекше бір қасиеті, оның ғылым жолына түскен шәкірттерін бөліп-жармай, тең қарайтындығы еді. Оның ғылыми жетекшілігімен 50 ғылым кандидаты қорғап шықса, 12 ғылым докторына ғылыми кеңесші болды. Оның шәкірттерінің бәрі еліміздің әр түкпірінен еді. Сол себепті де ағамыз туралы білетіндер «Барлық Алаш баласына тең қараған Кең-аға» деп айтатын. Оның шәкірттері – профессор Талас Омарбековтің, Сәбит Жолдасовтың (марқұм), Бүркітбай Аяғановтың, Қадыр Ахметовтің, Сатыпалды Ділмановтың, Нұржамал Алдабектің, Айжан Қапаеваның және тағы басқаларының есімдері бүгінгі күндері бүкіл елге танымал.
Енді атақты тарихшының ғылыми еңбегі мен мұраларына тоқталайық. Оның кандидаттық диссертациясы 1917–1918 жылдардағы Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарында жұмысшы және шаруалар билігін орнату мен нығайту мәселесі, болса, докторлық диссертациясы 1917–1929 жылдардағы еліміздегі шаруалар кеңестерінің (ауылдық кеңестерінің) құрылуы мен нығаюына арналды. Алғашқы ғылыми жұмысының жетекшісі профессор Тәжен Елеуов болып, оның қолдауымен ғалым Мәскеу, Ленинград, Орынбор, Омбы, Том, Ташкент қалаларындағы архивтерде 2 жыл ізденіс жүргізеді. Сондағы тапқан материалдар кандидаттық диссертациясының деректік негізін құрайды. Ал докторлық диссертациясына қажетті материалдарды Қазақстанның барлық облысындағы архив материалдарынан табады. Осыған қатысты Кеңес ағамыз бір сұхбатында былай деп айтады. «Азамат соғысына қатысқандар сол кездері біздің әкеміздей болатын, кейбірі ақылды адамдар болды. Солардың кейбіреуі былай деуші еді: «Ей, бала, біз ақ пен қызыл болып соғыстық. Осылай бір сарынмен тарих жазылып жатыр. Естеріңде болсын, «Алашорда» деген ұйым болған», деп айтатын.
Бұл 60-жылдардың екінші жартысы мен 70-жылдардың басы болатын. Алаш туралы жазбақ түгіл ол туралы ойға алудың өзі өте қауіпті кезең еді. Әсіресе «халық жауының» ұлына бұл бірнеше есе қауіпті еді. Соған қарамастан Мұқағали ағасы айтқандай «Үміттің құлан иек құла таңы, Әйтеуір, бір атады, бір атады», деп өлеңдеткендей, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайды, алаш тақырыбына қатысты архивтерде кездестірген материалдарды ауызша да мәліметтерді жинастыра береді. Ақыры 80-жылдардың соңы мен 90-жылдар басында «Үміттің таңы да атады», еліміз тәуелсіздігін жариялайды.
Қызыл империяның құлауымен оған негіз болған идеология да, оның қағидаттары да күйреді. Қоғамдық ғылымдар үшін, әсіресе тарих ғылымдары үшін таптық қағидат дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, ел тарихын, халықтың тарихын екіге бөліп қарастыру еді. Соның зардабынан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы қазақ халқының зиялы қауымының басым бөлігі өз елінің тарихынан шеттетіледі. Олардың ішінде саяси қайраткерлермен қатар, өнер, білім, ғылым, мәдениет, әдебиет, діни қайраткерлермен бірге тұлғалар да бар болатын. Таптық қағидат олардың есімдерінің бәрін тарихтан сызып тастады.
Таптық қағидаттың орнына өркениеттік қағидаттың орнығуы идеологиялық күреспен келетіні белгілі. Сол күрестің бел ортасында, жаңа қағидаттар үшін күресте Кеңес ағамыз жаңашылдық жағында болып, жаңашыл қағидаттың тез жеңіске жетуіне сөзімен де, ісімен де белсене атсалысты. Оның 1995 жылы жарық көрген «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясы «...Үміттің құлан иек құла таңының атқанын» көрсетіп, ұзақ жылдар бойы жасырып келген алашқа қатысты жиналған мәліметтері мен материалдары осы еңбегінде сөйлейді. Кеңес Нұрпейісұлы осы еңбегінің алғашқы беттерінде Алашқа қатысты бірнеше ұғымды жеке-жеке талдап көрсетеді. Олар – «Алаш» ұғымы, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі деген ұғымдар еді. Бұл еңбекті қазақ жұртшылығы өте зор ықыласпен қарсы алды.
Академик еңбектерінің хронологиялық тізіміне қарасақ, 1988–1989 жылдардан бастап ғалымның ұстанымы мен көзқарастарында түбегейлі өзгерістер болғанын байқауға болады. «Ар-ожданымызға жүгінеміз» (1989), «Тағдыры күрделі қайсар талант» (1989), «Ақиқатты білу парыз» (1990), «Алаштың ақиқатын кім айтады» – (1990), «Тұтқындалған «Оян, қазақ» (1990), «1951 жылдың ызғарлы күзі» (1991), «1921–1922 жылдардағы аштық» (1991), т.б. жалғаса береді. Сонымен бірге таптық қағидат бойынша есімдерін атауға тыйым салынған тұлғалар туралы «Қияметті жылдар қасіреті» (1992), «Отызда ел басқарған» (1992), одан әрі 1992–1997 жылдар аралығында Ә.Ермеков, Т.Рысқұлов, Ы.Көшкінов, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы, О.Жандосов туралы ғылыми басылымдар мен бұқаралық мерзімді басылымдарда көптеген ғылыми-танымдық мақала жариялады.
Академик Нұрпейісұлы 1980–1990 жылдар шенінде ғалымдығымен қатар қоғам қайраткері ретінде де өзін көрсетті. Ол сол жылдары Кеңес одағында болып жатқан демократиялық жаңашылдыққа сай еліміздегі оң өзгерістерге белсене араласады. Академиядағы Тарих институтында «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихы» бөлімін басқарып, кеңестік кезеңде жазықсыз жапа шеккен тұлғаларды ақтау үшін, тарихи шындық пен әділеттілікті қалпына келтіру үшін 1989 жылы Алматыда құрылған «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамын құрушылардың бірі болды. Оның мақсаты мен бағыт-бағдарын жасап, бір бағытына жетекшілік етті. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда әділеттілікті ту етіп, жазықсыз жазаланғандарды ақтау туралы өз пікірін білдіріп мақала жариялап, теле-радио арқылы сұхбат беріп, көпшілік жиындарда өз ойын білдіріп отырды. «Әділет» қоғамының жұмысы болашақта арнайы зерттеуді қажет етеді. Оның халқымыздың тарихи санасын нығайтудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Ғалым сондай-ақ 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамының өте белсенді мүшелерінің бірі болып, ана тіліміздің қоғамдық өмірдің барлық саласына, оның ішінде ғылымда да үстемдік етуіне атсалысты. Өзі үлгі көрсетіп, соңғы жылдардағы еңбектерінің бәрін тек қазақ тілінде жариялады.
Академиктің өте жақсы сыйласқан ағасы Әбу Тәкенов 1997 жылы кенеттен қайтыс болды. 1998 жылы жылдық асына орай университеттің тарих факультеті шығаратын «Хабаршы» журналының бір нөмірін Ә.С.Тәкеновке арнау жоспарланды. Маған жауапты хатшы ретінде барлық мақаланы жинау тапсырылды. М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Ж.Қасымбаев және көптеген замандасы мен шәкірті мақала беруге келісті. Үй телефоны арқылы сөйлескенімде Кеңес ағам аптаның осындай күні, сағат осындай уақытта кел деген соң, мекенжай бойынша айтылған сағаттан 5–10 минут бұрын ерте бардым. Өте жақсы қарсы алды. Жаз мезгілі болса да апамызға ет астырып қойыпты. Ет үстінде де, шай үстінде әңгімеміз өте жарасымды болды. Негізінен ағамыз досы Әбу Сақтағанұлы туралы, тарих ғылымы туралы әңгімеледі. Маған көп сұрақ қойып отырды. Әсіресе әке-шешем туралы сұрақтар қойғаны есімде қалыпты. Менің жауабымды естіген ол: «Сендер өте бақыттысыңдар» деген сөзі әлі құлағымда тұрғандай. Қайтар кезде ол маған «Сенің «Егеменде» жарияланған әр мақалаңды оқып, сақтап қоямын» деді де, залындағы шкафтың үстінде жинақталған «Егеменнің» қалыңдау тігіндісін маған алдырды. Сол газеттегі «Қасым хан» деген мақаламды тауып алып, ризашылығын білдірді де, кенеттен осы газетке, мақала жанына қолтаңбамды сұрады. Мен естімегендей болдым. Сосын ағамыз екінші рет қайталады. Тағы үндемедім. Ойымда қолтаңбаны кітапқа қана беруші еді. Менің әлі кітабым жарық көрмеген, ол кезде бар болғаны ғылым кандидатымын және аға оқытушымын. Үшінші ретте ағамыздың дауысы қатты шықты. Мен болсам: «Кеңес аға, не деп жазарымды білмей отырмын», дедім. «Былай жаз», деп айтты да, сәл ойланыңқырап тұрып: «Болашақ академик Кәрібаевтан академик Нұрпейісовке деп жаз, сен түбінде академик боласың, арғысын өзің білесің»,деді. Бір жағынан,қатты ұялып, қысылып, ыңғайсызданып, ағамыздың айтқанын орындадым. Арада 14 жыл өткеннен кейін, 2012 жылы жаз айында академияның корреспондент-мүшесі болдық. Ал 2020 жылы тағы да жаз айында толық мүше болдық. Сол кездері ең алғаш есіме алғаным академик Кеңес Нұрпейісұлының айтқан сөзі түсті. Кей кездері Кеңес ағамыздың осы сөздерін еске ала отырып, не деген дуалы сөз, не деген бата деп ойланамын.
Жалпы, өмірде мынадай бір заңдылық бар. Халқына адал, таза еңбек еткен тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайды, өзімен бірге есінде ұстап, жадында сақтайды. Кеңес Нұрпейісұлы да қолынан қаламы түспей халқының тарихын жазуда көп еңбек сіңірді, жастайынан жетімдік көрсе де, жасымады, бойын тік ұстап, әкесінің адал екенін, өзінің текті екенін дәлелдеп өтті. Шынайы тарихты жазу арқылы нағыз ғалым атанды. Нағыз шәкірттер даярлау арқылы нағыз ұстаз болды. Ғалымның мұрасы өз халқымен бірге мәңгі жасай береді. Оның есімі халқының жүрегінен терең орын алған тұлға деуге толық негіз бар.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі