Тұлға • Кеше

Нүктесі қойылмаған нота

3353 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табылды Досымов талайдың жүрегін ырғағы бөлек әнімен, өзінен басқа ешкім қайталай алмайтын дауысымен бау­рады. Оның әндерінен қазақтың болмысы мен мінезі байқа­лып тұрады. Тау көтерген Толағайдай тұлғалы талант зама­нымыздың сал-серісі секілді еді.

Нүктесі қойылмаған нота

Ол әл-Фараби атындағы Қаз­МУ-дің журналистика факуль­тетін бітірген соң Алматыда аялдамады. Өзінің балалық шағы өт­кен Индербор кентіндегі қара­шаңырағына оралды. Бәлкім, ән­дерінің дені жұртшылыққа кеңінен танылған асқақ Алатау етегіндегі Алматыны аңсаған шы­ғар. Бірақ алыстағы аудан орта­лығында тұрғанымен, бозбала күні­нен серігіне айналған гитарасын бұрышқа сүйеген жоқ.

Студент кезінде қазақтың талантты шайырлары Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Светқали Нұр­жановтың, өзге де ақындардың өлеңдеріне бірнеше ән жазды. Сөзін де, әнін де өзі жазып, гитарамен орындаған төл шығармасы көп. Қазір оның «Ұнатамын мен сені», «Биіктік», «Сәйгүлік» және басқа да әндері жиі орындалып жүр.

Табылдының қай әнін тыңда­саңыз да жалықтырмайды. Көңілді сергітеді, рухты серпілтеді. Мұңға батыратын әндерінің өзі ойландырады. Ән иірімі тереңіне тарта түседі. Бір әні келесіге жетелей береді. Тыңдай бергің ке­леді. Студент кезінде шығарған әнінің бірі «Мен қазақпын...» деп аталады. Алғашқы шумақтағы «Мен қазақпын, жүре алмайтын, Шаттанбаса, күлмесе. Мен қазақпын, Ішкен асын тастай салар жыр десе. Мен қазақпын, Ашуланып, талақ қылар тірлікті, Шайға бола бір кесе» деген жолдардан ұлттың болмысы тайға таңба басқандай өрілген.

Жұртшылықтың назарын ау­дар­ған шығармасының қата­рында «Биіктік» әні де бар. Бұл әнде оның өкініші де, үміті де көрініс тапқан. Өкініші – «қара алтындай» қазынасы мол Атырауына тау әкеле алмағаны. «Ұнатады шыңда көңіл шырқауды, Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды. Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды» деген жолдардан мұнайлы өңірдің ала шаңы аспанға көтерілген жазық даласы елестейді.

Ақынның үміті қандай асқақ еді? «Алты Алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем. Биіктікті айналайын, туған ел, Қыранының қанатымен өлшеген». Өзі жырлағандай, обаны – адыр, ал адырларды төбе дейтін өңірде аспанға қол созған қыр баласы екенін мақтаныш етті.

Алла ақынның аузына сөз салады дейтін тәмсіл рас секілді. Табылдының кей өлеңінен оның тағдыры аңғарылады. «Атыңды сенің айтамын ән қылып неге? «Қозым-ау» деші күлімдеп Баян­дай маған. Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...» деп жыр­лағанындай, 45 жасында өмірден өтті.

Табылдының өлең-өмірі мен өнерінің нүктесі қойылған жоқ. Дәл солай боларын мына бір шумаққа сыйғызыпты. Мұны «Үтірмен сені бітірдім, Бітірмей, жырым, нүк­темен. Бергі жағында үтірдің, Өлең-өмір тұр бітпеген. Осылай деу­ді құп көрдім, Оқырман, сен қой нүктесін. Адамдық ғұмыр біткен күн, Ақындық ғұмыр бітпесін!» дегенінен аңғаруға болады. Оның нүктесі қойылмаған ән нотасы әлі талай ұрпаққа жалғасады.

Өнерін бағалайтын, кейінгі ұрпаққа насихаттайтын елі бар да таланттың аты өшпейді. Шы­ғармашылық мұрасы жоғал­майды. Соның дәлеліндей 2019 жылы туған жері – Индербор кентінде еңселі ескерткіші орнатылды. Белгілі мүсінші Бақытбек Мұхаметжанов сәулеттік композицияны қоладан құйды. Биіктігі – 2 метр 60 см. Табылды Досымовтың 45 жаста өмірден өткенін білдіретін 4,5 метрлік гранитке өлеңдері қашалып жазылды.

Батыр тұлғасымен, бардтық өнерімен ел жадында сақталған Табылды Досымовтың ең құнды мұрасы – өлеңдері мен әндері. Ал оның көзі тірісінде қолынан тастамаған гитарасы мен өзге де бұйымдары құнды жәдігер ретінде сақталуы қажет.

Бардтың «Жалған дүние» деп аталған өлеңінде «Сол жаққа ат­­танасың бәрі барған, Қалады көкірегіңде алып арман. Қалады ауызыңда сары тісің, Қалады гара­жыңда сары «Волгаң» деген шумақ бар. Жайық жағасындағы ауылда жүріп, бардтық өнердің заңғар биігіне көтерілген талантты композитор неге бұлай жазды екен? Үлкендер айтатындай, түйсігі бес күн­дік жалған өмірдің өлшеулі екенін сезгені ме? Әлде кездейсоқтық па, көзі тірісінде мінген «Волга» көлігі иесін күткен ақбоз ат секілді үйінің ауласында тұр.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың айтуынша, ақын әрі композитордың шығармашылығын дәріптеу – бүгінгі буынға парыз. Оның шығар­машылық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау көзделіп отыр.

«Биыл бард-ақын Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толады. Осыған орай ақын мінген «Волга» автокөлігі реставрациядан өткізіледі», дейді Д.Шамұратов.

Жаңартылатын «Волгасы» жәдігер ретінде музейге қойылады екен. Қазақтың рухын көтеретін, кейде мұңға батырып, кейде ой­нақы әзілмен езу тарттырар әндерінің қолжазбалары мен ноталары да Табылды Досымовтың өнерінен сыр шертіп тұрғаны жөн.

 

Атырау облысы