Саясат • 14 Наурыз, 2025

БҰҰ еліміздің құқықтық реформасын жоғары бағалады

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы еліміздің балалар құқығын қорғау саласындағы реформаларына жоғары бағасын берді. Бұған елімізде былтыр қабылданған алты негізгі заң себеп болып отыр.

БҰҰ еліміздің құқықтық реформасын жоғары бағалады

Сурет: abai.kz

Балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту бойын­ша ауқымды заңнамалық және стра­тегиялық іс-шаралар іске асы­рылып келеді. Былтыр заң­нама­ны жетілдіру мақсатында бала­лардың құқықтарын қорғау саласында 6 негізгі заң қабылданды.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Қазақстанның балалар құқықтарын қорғау бо­йынша халықаралық стандарт­тарға бейілділігін растайтынын атап өтті. 2023 жылдың желтоқ­санында Бала құқықтары туралы конвенцияның хабарлау рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамасы ратификацияланды. Бұл құжат балалардың құқық­тары бұзылған жағдайда халық­аралық деңгейде шағым түсіруге мүмкіндік береді.

– Биыл қаңтар айында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Қазақ­станның адам құқықтары мен бостан­дықтарын нығайтуға, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау­ға бағытталған реформаларын бірауыздан жоғары бағалады. Бұл реформалар қоғамның ең осал топтарын қорғауды қамтамасыз ететін ұзақмерзімді стратегия­ларды іске асыру жолындағы маңызды қадам болды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойын­­ша елімізде балалардың құқық­­тарын халықаралық стандарт­тарға сай жан-жақты әрі тиімді қорғауға бағытталған ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар енгізіліп жатыр, – деп атап өтті Е.Оспан.

Былтыр елімізде балаларды қор­ғауды күшейту бағытында қабыл­данған алты негізгі заңға сәйкес, балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық түрлері­не жауапкершілік күшейтілді. Соны­мен қатар қоғамдық көлік­тен балаларды мәжбүрлі түрде түсіруге тыйым салынып, ол үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Құрылыс компанияларына терезелерге қауіпсіздік механизмдерін орнату талабы заңнамалық түрде бекітілді. Бұл балалардың жазатайым оқиғалардан қорғалуына ықпал етеді. Сонымен қатар балалар сауда­сының алдын алу шаралары күшей­тілді. Балалар құқықтары жөнін­дегі уәкіл институтының мәрте­бесі арттырылып, олар ел­дің барлық өңірінде жұмыс істей бастады. Бұл балалар­дың құқық­тарын қорғау меха­низм­дерін айтарлықтай нығайт­ты. Қамқор­шылық және қорғаншы­лық ор­ган­дарының кадрлық әлеуе­тін арттыру үшін жаңа нор­ма­тив енгізілді: Енді әрбір 5 мың балаға кемінде бір маман бекі­тілуі қажет. Бұл жаңашылдық бір жылдың ішінде мамандар санын 300-ге арттыруға мүмкіндік берді, нәтижесінде балалардың құқықтарын қорғау деңгейі айтарлықтай жақсарды. Әрине, мұның бәрі – халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қолға алынып жатқан шаралар.

Сонымен қатар жетім бала­лар­ды қолдау мақсатында тәлім­гер­лік институты енгізілді. Осы бас­тама аясында өткен жылы 330 бала жеке тәлімгерлік қолдауға ие бо­­лып, олардың қоғамға әлеумет­тік бе­йімделуіне және психоло­гия­­лық қолдау алуына мүмкіндік жасалды.