Мереке • 15 Наурыз, 2025

Айшықты Амал мерекесі

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлық наурыз мерекесі – ынтымақ пен бірліктің, татулық пен ауызбіршіліктің рәмізі іспетті. Ал наурызнаманың алғашқы күніндегі амал мерекесінің орны бөлек, тағлымы зор. Баба танымына жалғасқан бүгінгі қазақ бейнесі көңіл қуантарлық.

Айшықты Амал мерекесі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Елордадағы Президенттік орта­лы­қта «Наурыз.Таным.Тарих» атты интерактивті экскурсиялар апталы­ғының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға мәдениет қай­рат­керлері, жоға­ры оқу орын­да­рының оқытушылары мен студенттері, мем­лекеттік орган­дардың өкілдері қатысты.

– Наурыз мейрамының бас­тауы болып саналатын Көрісу күні қыстан аман-есен шыққан ел бір-бірімен көрісіп, аман-саулық сұрасып, игі тілектер айтқан. Бірегей ме­рекеге орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен наурызнама онкүн­­дігі қолға алынды. Наурызнама­ның әр күнінің өз атауы мен маңызы бар. Президенттік орталықтың наурызнама­ аясында ұйымдастырып отыр­ған апталығы барысында келушілер тақырып­тық экс­­курсияларға қатысып, қа­­зақ­тың дәстүрі­мен танысып, тамашалай алады, – деді орталық директоры Бақытжан Темірболат.

Көрісу күні – бірліктің, ізгі тілектер мен сыйластық­тың белгісі, сондықтан іс-шара жылы әрі достық атмосфера­да өтті. Іс-шарада Еркеғали Рах­мадиев атындағы мемлекет­тік академиялық филармония өнерпазы Диана Май «Әриай­дай» әнін орындаса, Мәде­ниет қайраткері Нұржамал Шырын­баева «Қазағым» әнін шыр­қап, көрерменге көктемгі көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге «Жастар» театрының әртістері, Тәттімбет атындағы  №1 өнер мектебінің дарынды оқу­шы­лары сахналық көрініс қо­йып, Амал мерекесінің маңы­зын ұқтырды.

Концерттік іс-шарадан соң келушілер қазақтың дәстүрлі киімдері және музыкалық аспап­тарымен танысып, «Бір жә­дігердің тарихы» жобасын тамашалады.

– Көрмеміздегі тайқазанның мәніне тоқталсам, бізде Наурыз мейрамы 1926 жылдан 1988 жылға дейін тойланбаған. Осы тайқазанның елімізге оралуы наурыздың қайта той­лануына ықпал етті деу­ге болады. Тайқазан жеті түр­лі бағалы заттардың қо­сынды­сынан жасалған. Мұ­ның бір ерекшелігі, Қожа Ах­мет Ясауидің шәкірттері тай­қазанның ішіне су құйып, сүре оқып, сол судың адамдарды емдейтін қасиеті бар деп сенген. Әрбір жылы Амал мере­­ке­­сі барысында еліміздің ең мық­ты батырлары осы тайқазан­ды көтеріп жарысқан екен,– деді орталықтың экскурсия жұмысы қызметінің сарапшысы Асқар Несіпбай.

Сондай-ақ іс-шарада көпте­ген мәдени жәдігер көрсетіліп, Амал мерекесінің қадір-қасиеті айқындала түсті.