
Фото: 7-su.kz
Жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерін қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі екі айдан бір жылға дейін ұзартылды. Жаңа нормалар 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді.
Дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамағаны үшін салынатын айыппұлдардың мөлшері үш есе ұлғайтылады. Министрлік мәліметінше, бұрын айыппұлдар құқық бұзушылықтың құрамына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырса, бұдан былай 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзғаны үшін жаңа әкімшілік құқық бұзушылық түрі күшіне енеді. Яғни, басқа адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Бұған дейін әкімшілік жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз беру және оны қорғау бойынша тіркеу куәлігінің иесі тарапынан қажетті шараларды қабылдамау жағдайларына ғана қолданылатын. Енді өзгерістер күшіне енгеннен кейін ЭЦҚ-ны заңсыз берген де, оны пайдаланған тұлғалар да жауапкершілікке тартылады.