Спорт • 18 Наурыз, 2025

Еншімізде – 3 медаль

29 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында каратэден премьер-лига санатындағы 2025 жылдың екінші жарысы түңлігін түсірді. Елімізден барған 13 спортшы әлемдік додада бақ сынап, 1 күміс, 2 қола медаль еншіледі.

Еншімізде – 3 медаль

Кarate 1-Premier League  – әлемдегі беделді турнирлердің сана­тына кіреді. Оған дүние­жүзі­лік рейтингте 32 спортшы­ның қатарына енетін саңлақтар ғана қатысады. Ел құрамасы­ның 3 спортшысы кумите бағдарламасында жүлдеге қол жеткізді. Топта бар­лық қарсыласын ұтқан Мөл­дір Жаңбырбай (50 кг) финалда­ Алжир спортшысы Силия Уикен­мен тең түскен еді, бірақ қарсыласы алдымен ұпай иелен­гендіктен жеңіс Силияның енші­сіне жазылды. Мөлдір қаңтар айында Парижде өткен жыл­дың алғашқы премьер-лига тур­нирінде қола жүлдеге ие болды. Каратэ спортынан әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпио­ны атағын иеленген саңлақтың келешегінен күтеріміз мол.

Жартылай финалда сүрінген Әсел Қанай (61 кг) мен Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль үшін өткен айқаста қар­сыластарын қапы қалдырды. Қыста Парижде өткен сайыс­та Әсел мен Софья финалда сү­рініп, күміс медаль олжалаған бола­тын.

Ханчжоудағы додаға 68 елден 400 спортшы қатысты, Жапония –30, Италия – 29, Франция, Түркия елдері 21 спортшысын қосты. Karate 1-Premier League додасының  келесі кезеңдері 18-20 сәуір аралығында Мысыр астанасы Каирде өтсе, 30 мамыр мен 1 маусым аралығында Марок­коның Рабат қаласын дүбірге бөлейді.