Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, биылғы наурыз-сәуір айларында оңтүстік өңірлерде 80-нен астам ресми ойын тіркелген. Алайда елімізде «Жаппай көкпар» федерациясы құрылғанымен, іс жүзінде ортақ ережелер әлі де сақталмай келеді.
«Қатысушының жас ерекшелігі ескерілмейді, олардың саны да шектелмейді. Кей жағдайда 400-500 адамнан бастап 1500-2000 көкпаршыға дейін қатысатын ойын өтеді. Мұндай жағдайда спорттық тәртіп пен қауіпсіздік талабын сақтау қиын. Көкпар жылқысын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген. Атқа күш қолдану, допинг пайдалану, әдейі соқтығысу дерегі жиі кездеседі», деді Болат Керімбек.
Депутат рұқсатсыз өткізілетін ойындарға бақылауды күшейту керектігін айтты.
«Осыған байланысты Үкіметтен жаппай көкпарға арналған қауіпсіздік стандартын заңнамалық деңгейде бекітіп, қатысушы санына, медициналық және ветеринарлық бақылауға міндетті талап енгізуді сұраймыз. Сондай-ақ құзыретті органдардың жауапкершілігін нақтылап, рұқсатсыз көкпар өткізген ұйымдастырушының жауапкершілігін күшейтуді қарастыру керек деп санаймыз», деді ол.
Еске сала кетейік, жуырда Ақмола облысында көкпар кезінде жасөспірім қаза тапты. Спорттық іс-шараны ұйымдастырушылар жергілікті әкімдіктің келісімінсіз өткізген.