Instagram желісінде миллионнан астам оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты жарияланымдарынан кейін құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Ол апатқа полиция қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам айтқан еді.
Блогер 31 наурызда ұсталды. Кейін Алматы қалалық полиция департаменті оның бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін, алайда бір себептермен жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Сондай-ақ 2023 жылы тонау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Қазір оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілері арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті қарастырады.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шұмаев танылған. Олардың адвокаттарының айтуынша, Молдаханның жарияланымдарынан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, аталған қызметкерлер лауазымдарынан босатылып, ІІМ резервіне жіберілген.
Жәбірленуші тарап блогерден әрқайсысы 11 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын өндіруді талап етіп отыр.
Алғашқы сот отырысында Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындады. Бұл туралы оның адвокаты Нұртуған Өмірзақ мәлімдеді. Қорғаушылар бұл шешімнің блогердің жеке ұстанымы екенін айтты.
Сонымен қатар қорғау тарапы бұлтартпау шарасын өзгерту, істі жеңілдетілген тәртіппен қарау және медиацияға уақыт беру туралы өтініш білдірген. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмай, айыпталушыны қамауда қалдырды.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған жол апатында Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапқан. Апатқа себепкер болды деген күдікпен Zeekr көлігінің жүргізушісі қамауға алынған. Тергеу мәліметінше, ол оқиға кезінде жеңіл дәрежеде мас күйде болған.
Адвокат Жохар Утебеков жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдіріп, белгілі бір жағдайларда кінәлі деп танылған азамат үкім шыққаннан кейін шамамен 1 жыл 3 айдан соң жазасын жеңілдетуге қол жеткізуі мүмкін екенін айтты.
Қазіргі таңда қоғам назарын аудартқан бұл іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.