
Суретті түсірген – автор
Бозанбайдың географиялық орны құс ұшырып, тазы жүгіртуге өте қолайлы жер. Бытысқан бұта, тұтасқан орман жоқ. Айналасына көз салсаңыз, адыр белдер, тақыр төбелер. Мұнар тау, құзар шыңдары да алыста. Айзеренің балапан алған шыңы да сонау Қалба тауларының бір биігі. Осыдан үш-төрт жыл бұрын әкесі Маркс қыран құстың қайда ұя салып, қай шыңға балапан басқанын ерте көктемнен бақылап жүріпті. Ол жақтың жолы да қия бет секілді. Атты кісіні қойып, жаяу жетудің өзі қиямет-қайым көрінеді. Соған қарамастан Айзере ағасы Бағжан екеуі барып, балапанын алуға бекінген. Ұябасары ұзап кеткен сәтте басты айналдыратын шапшыма шыңға екеулеп шыққан. Түу биіктегі бүркіт ұясының желке тұсынан жеткен соң, кішкентай қыз қорықпай түсіп, балапанды алып шыққан. Сол балапанын бағып-қағып, қансонарда түлкіге салған да шынашақтай Айзере. Айтуынша, бүркіті бірнеше қоян, ондаған түлкі алған. Әлбетте, мұның бәрі заңның шеңберінде.
– Шың басынан етекке асықпай түстік. Ұядан ақ үрпек балапанын көрген кезде қатты қуандым. Шыңнан түскен соң балапанды орап алдық. Әйтпесе, бұлқынып, қанат-құйрығын зақымдап алуы мүмкін. Оны бақтық, қақтық. Шұғылан деп ат қойдық. Өскен соң аңға салдық. Өзім «Шығыс Салбурыны» жарысына үзбей қатысып келемін. «Шығыс чемпионатына» Ақсеңгір атты бүркітіммен қатысып, үшінші орын алдым. Өткенде Қонаев қаласында көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне ұйымдастырылған жарысқа қатысып келдік. Жуықта Түркістан облысында өткен жас бүркітшілер арасындағы жарыста өнер көрсеттім, – дейді 9-сынып оқушысы Айзере Марксқызы.
Айзерені құсбегілікке әкесі баулып жүр. Тым кішкентайында қаршыға, ителгі сынды құс көтертіп, қасынан тастамайтын. Асыраған құсын өзі тамақтандырып, өзі күтіп-баптайды. Қыстың күні аңға салып, көктем шыға түлекке отырғызған. Қазақы иіс аңқып тұрған Айзеренің отбасы өнерден де құр алақан емес. Анасы Шәкерман қолы қалт етсе, алаша тоқып, сырмақ сырады. Кесте тігеді. Киіз үйдің жабдықтарын бастан-аяқ өз қолдарымен жасайды. Айзере сабақтан кейінгі уақыттарда анасының қолқанаты. Құсбегілігінен бөлек, ісмерлігі де бір төбе. Айтқандай, бұл отбасы Ұлан ауданында этнотуризмді дамытуды қолға алған. Жаздыгүні әйгілі Сібе көлдеріне бара жатып, жолай Айзеренің әке-шешесінің үйіне соқсаңыз, бейнебір ертедегі қазақ үйіне тап болғандай әсерде болар едіңіз. Дастарқандарынан ұлттық тағам үзілмейді, қазандары оттан түспейді. Үйдің ұлдары да жүйрік баптап, салтты сақтап жүрген нағыз ерлер. Ағаларының соңынан ерген сүт кенжелері Айзере қазақы тәрбиемен сусындап, бойжетіп келеді. Құсбегі қызбен әңгімелесіп отырғанымызда, анасы да өз ойын ортаға салған.
– Қазақтың бекзат өнері үзілмесе екен деген ниетте Айзереге өз білгенімді үйретіп жүрмін. Әкесі бүркіт баптауға баулыса, мен тоқыма тоқып, ас әзірлеуді, кесте тігуді, сырмақ сыруды үйретемін. Киіз үй жабдығын жасаған кездері қасымда көмектесетін осы, Айзерем, – дейді анасы Шәкерман Ошан.
Сөздің орайы келгенде, этнотуризмді қолға алып жатқандарын баса айтты. Мұндағы үлкен бір артықшылық, Шәкерман Ошанның құраған киіз үйлері темір қаңқалы емес, нағыз қазақтың ағаш киіз үйі. Шаңырағы мен босағасында, уығы мен керегесінде көненің табы қалған. Жабдықтары да жасанды емес, қолдан шыққан қолөнер. Туристерді қызықтыратыны да сондықтан. Шәкерман Ошанның ой жоспары, осы киіз үйлерді табиғат аясына құрып, турист қабылдағысы келеді. Алайда жер алу мәселесі қиындық туғызады. Кәсіпкерлікке қолдау болғанымен, жер алуда кедергі көп. Айзеренің де арманы асқақ. Этнотуризм қолға алынса, атпен серуендейтін, бүркітпен фотоға түсетін мүмкіндіктер болады. Тіпті туризм үшін түйе де алғызыпты. Ағалары түйелерді үйретіп, мінуге жаратып қойған. Оның да жабдығын Айзере анасы екеуі тігіп, әзірлеген. Жаз шықса туристердің түйемен серуендеуге де мүмкіндігі болады. Бозанбай қаладан тым қашық емес, сондықтан сұраныстың жоғары болары анық. Оның үстіне, бұл ауыл Сібе көлдерінің жолында.
Бозанбай көгінен қыран құстың саңқылдаған үні кеткен емес. 80- жылдары бұл ауылда елімізге белгілі Өзбек Манапов деген құсбегі жасаған. Оның қыраны ұсақ-түйек аңды қойып, қасқырға дейін түскен деседі замандастары. Сөйтіп, аядай ауылдағы бүркітшінің есімі бүкіл елге таралып, аңызға айналған. Тіпті сонау Жапонияның журналистері іздеп келіп, деректі фильм де түсіріпті. Бозанбайдағы осы ата дәстүрді үзбей келе жатқан – Маркстың отбасы. Қызына дейін бүркіт баптап жүргені қуантады. Әйтпесе, кейінгі жылдары құс түрін білмейтін бүркітшілер де шыға бастады. Сол тұрғыда Айзередей бүркіттің мінезін білетін, бабын ұғынатын құсбегі арулардың жөні бөлек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы